Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі заң үстемдігі, прокуратура қызметінің негізгі бағыттары және құқық қорғау органдарының жұмысы бойынша есеп берілді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Президентке арнайы прокурорлардың қоғамда үлкен резонанс тудырған және мемлекет мүддесіне, сондай-ақ азаптауға қатысты қылмыстық істерді тергеу барысы баяндалды. Биыл сотқа 55 қылмыстық іс жолданып, 112 адам сотталған. Тағы 80 іс қазіргі уақытта соттарда қаралуда.
Арнайы прокурорлар тексерген істердің нәтижесінде мемлекетке келтірілген 14,4 миллиард теңге көлеміндегі залал өтелген. Сонымен қатар, 105 миллиард теңгеге жуық мүлікке тыйым салынған. Оның ішінде есірткіге қарсы істер бойынша 12 миллиард теңгенің активтері тәркіленді.
Бас прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысына активтерді қайтару бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Екі жыл ішінде прокуратура органдары арқылы 850 миллиард теңгенің активі елге қайтарылған. Бұл қаражат өңірлерде 400-ге жуық әлеуметтік және коммуналдық нысанның құрылысына бағытталмақ. Қазіргі таңда 60 нысанның құрылысы аяқталған.
Кездесу барысында Президент қылмыстық жолмен алынған кірістерді анықтау мен оларды экономикаға тиімді қайта енгізу тәсілдерін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау және мемлекеттік органдардың алаяқтық, есірткі саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм сияқты қылмыстарға қарсы күресіндегі үйлесімділікті арттыруды тапсырды. Сонымен қатар, бизнесті негізсіз қылмыстық қудалауға жол бермеудің маңыздылығын еске салды.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, бизнеске қолдау көрсету және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Бас прокуратура құрылымында өзгерістер жоспарланып отыр. Жаңадан құрылатын ведомство кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталатын болады.