ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Абай облысы бойынша департаменті «Damu Bala» платформасы арқылы балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу барысында белгілі болғандай, «SAMGAU өнер & спорт мектебі» ЖШС директоры шығармашылық және спорттық үйірмелерді жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында жалған есептер тапсырып, балалардың сабаққа қатысуы туралы шындыққа жанаспайтын мәліметтер ұсынған.

«Ай сайын тапсырылатын жалған есептердің негізінде жұмыс істемейтін үйірмелерге мемлекеттік қаражат бөлініп отырған. Құжаттарда көрсетілген кейбір балалар шын мәнінде ешбір сабаққа қатыспаған, тіпті бағдарламаға тіркелгендерінен бейхабар болған», – делінген агенттік хабарламасында.

Мысалы, бір бала Алматы облысында тұратынына және ешбір үйірмеге қатыспайтынына қарамастан, Абай облысында бейнелеу өнері үйірмесінің қатысушысы ретінде тіркелген.

Алаяқтық әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 23 миллион теңге көлемінде залал келтірілген.

Сот үкімімен мектеп директоры кінәлі деп танылып, 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Айта кету керек, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.