Шымкентте танысына арзан бағада пәтер аламын беремін деп алдап кеткен ер кісге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін алдау жолымен иемдену (ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі) дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметіне сүйенсек, сотталушы А. жәбірленуші Д.-ға арзан бағада пәтер алып бере алатынын алдап айтып, ол үшін 1 млн теңге ақшасын алған. Істі сотта қарау барысында сотталушы жәбірленушіге келтірген материалдық залалды толығымен қайтарып, жәбірленушімен татуласқан. Нәтижесінде жәбірленуші сотталушыға кешірім беріп, істі тоқтатуды сұрады.
Сот сотталушы жәбірленушімен татуласуына және келтірілген зиянның есесін толтыруына байланысты, ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық істі тоқтатты. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ,-делінген қалалық сот мәліметінде.