Астана қаласында Полиция департаменті прокуратураның үйлестіруімен бір айлық есірткі қылмыстарына қарсы іс-шараларды бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Полицейлер елордада қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыстарды болдырмау мақсатында "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр. Сондай-ақ "Учаске" атты шара жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және полиция мен халық арасындағы сенімді нығайту.

Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полковник Ержан Әділбековтің айтуынша, тексерістер кезінде есептегі тұлғалар, жалға берілетін пәтерлер, тұрғын алаптар мен аңшылық қаруы бар азаматтар қаралады. Сонымен бірге жол қауіпсіздігін қадағалауға ұлттық ұлан әскери қызметшілері де жұмылдырылған. Олар мопед пен самокат мінген жаяу жүргіншілерге, сондай-ақ көлік жүргізушілерінің заңсыз тұраққа қою деректеріне назар аударады.

"Бүгінгі іс-шараға шамамен 500-ге жуық ішкі істер органдары қызметкері тартылды. Түнгі сағат 01:00-ге дейін тексерістер жалғасады. Саябақтар мен скверлер сияқты қоғамдық орындар да назарда болады. Сонымен қатар самокат пен мопедті заңсыз жүргізу, автокөліктердегі қатты дыбыс шығаратын глушительдер, жол ережелерін бұзу фактілері анықталады. Әсіресе, жолда жүру ережесін сақтамайтын жаяу жүргіншілерге баса көңіл бөлінеді", – деді ол.

Оның айтуынша, "Құқықтық тәртіп" іс-шарасы тоқсан сайын кемінде екі рет өткізіледі. Спикер самокат жүргізушілерінің жиі жасайтын құқық бұзушылықтарын да атады: екі адам отырып жүру; жүк тасу; жолды белгіленбеген жерден кесіп өту; бағдаршамда түспей өту; самокаттарды жаяу жүргіншілер тротуарына тастап кету.

Мұндай жағдайда самокаттар айыптұраққа қойылады, ал ережені бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік полицияның мәліметінше, соңғы бір айда кикшеринг компанияларына қатысты 30-дан астам әкімшілік іс қозғалған.