Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ-дегі бос орындар саны 128,9%-ға (+135 мың) өскен, ал түйіндемелер саны 6,3%-ға (-9,3 мың) азайған.
2025 жылғы тамыз айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында 239,8 мың бос жұмыс орны жарияланып, жұмыс іздеушілер тарапынан 138,5 мың түйіндеме орналастырылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ-дегі бос орындар саны 128,9%-ға (+135 мың) өскен, ал түйіндемелер саны 6,3%-ға (-9,3 мың) азайған.
Сала бойынша сұраныс
Бос жұмыс орындарының басым бөлігі келесі салаларға тиесілі болды:
- білім беру – 120,7 мың;
- ақпарат және байланыс – 17,4 мың;
- басқа да қызмет көрсету түрлері – 17,1 мың;
- өңдеу өнеркәсібі – 15 мың.
Аталған төрт сала тамыз айындағы жалпы сұраныстың 70%-дан астамын құрады. Айта кетерлігі, білім беру саласындағы әр бесінші бос орын (18,5%) Астана және Алматы қалаларында орналасқан.
Біліктілік құрылымы
Жоғары білікті мамандарға деген сұраныс ерекше байқалды:
- жоғары біліктілерге – 124,1 мың орын (52%);
- орта біліктілерге – 75,2 мың орын (31%);
- біліктілігі жоқ жұмысшыларға – 40,4 мың орын (17%).
Жоғары білікті кадрларға арналған бос орындардың үштен екісі (81,6 мың) білім беру және тәрбие саласындағы мамандарға тиесілі болды.
Оқи отырыңыз: Миллион теңге жалақы ұсынатын 3 бос жұмыс орны. Электронды еңбек биржасына шолу
Өңірлік динамика
Бос орындар санының ең үлкен өсімі мына өңірлерде тіркелді:
- Алматы облысы – +387,5% (20,3 мыңға дейін);
- Жамбыл облысы – +377,4% (15,9 мыңға дейін);
- Батыс Қазақстан облысы – +242,4% (12,3 мыңға дейін);
- Ақтөбе облысы – +198,4% (14,1 мыңға дейін);
- Жетісу облысы – +182,7% (5,8 мыңға дейін).
Түйіндемелер санының жалпы азаюына қарамастан, бірқатар өңірде ізденушілер белсенділігі артқан. Мәселен:
- Алматы облысында – +31,4% (9,7 мыңға дейін),
- Алматы қаласында – +30,4% (11 мыңға дейін),
- Түркістан облысында – +17% (18 мыңға дейін).
- Ал Шымкент қаласында (-50,2%), Солтүстік Қазақстан облысында (-18,4%) және Қарағанды облысында (-16,4%) белсенділік төмендеді.
Кәсіптер мен жалақы
Кәсіптер бойынша ең көп сұранысқа ие мамандықтар:
- PR-менеджерлер – 16,3 мың бос орын;
- математика пәнінің мұғалімдері – 7,6 мың;
- тәрбиешілер – 6,1 мың.
Орта білікті мамандар арасында:
- тәрбиеші көмекшілері – 4,4 мың;
- күзетшілер – 2,7 мың;
- автокөлік жүргізушілері – 2,6 мың бос орынға сұраныс байқалды.
Ең жоғары жалақы күткен мамандықтар қатарында техникалық директорлар (орташа 1,2 млн теңге), ұшқыштар (~1,2 млн тг) және коммерциялық директорлар (~1,1 млн тг) болды. Ал жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары жалақылар мына лауазымдарға тиесілі болды:
- кен өндіру саласындағы цех басшысы – шамамен 843,8 мың теңге;
- энергиямен жабдықтау қызметі басшысының орынбасары – ~733 мың теңге;
- IT саласындағы бағдарламалар бас редакторы – ~718 мың теңге.
Осылайша, 2025 жылғы тамыз айында ЭЕБ алаңында түйіндемелер санының аздап төмендеуіне қарамастан, жоғары білікті кадрларға сұраныс айтарлықтай артты. Бұл өсім жаңа оқу жылының қарсаңында білім беру саласындағы маусымдық факторлармен түсіндіріледі. Әсіресе мұғалімдер, бастауыш сынып ұстаздары, тәрбиешілер мен олардың көмекшілері бойынша бос орындардың көптеп жариялануы еңбек нарығындағы негізгі үрдіске айналды.