Бұл жағдайдың АҚШ пен Израиль арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпейтіні белгілі болды.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жексенбі күні екі күндік сапармен Израильге барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Тараптар Газа секторындағы ахуал мен тұтқындарды босату мәселесін талқылайды деп айтылған.
Рубио Израильдің Қатардағы ХАМАС жетекшілеріне жасаған шабуылына көңілі толмайтынын тағы бір мәрте қайталады. Оның айтуынша, болған жағдай АҚШ пен Израиль арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсірмейді.
Рубио АҚШ президенті Дональд Трамптың барлық израильдік тұтқын жедел түрде босатылуы тиіс деген мәлімдемесін қайталады.
"Болар іс болды. Біз Израиль басшыларымен кездесіп, алдағы уақытта бізді не күтіп тұрғанын талқылаймыз", – деді Рубио Израильге барардың алдында.
Бұған дейін Израиль премьер-министрі Нетаньяху АҚШ-пен ынтымақтастық бұрын-соңды болмаған деңгейде екенін баса айтты. Ол Марко Рубионы елдің досы деп атады.
"Оның сапары Израиль мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың беріктігін көрсетеді. Бұл одақ Батыс қабырғасының тасындай мықты", – деді Нетаньяху.
Дүйсенбі күні Қатарда араб-мұсылман елдерінің шұғыл саммиті өтеді.