Данияр Елеусінов Канело мен Кроуфордтың жекпе-жегі алдында шаршы алаңға шығуы мүмкін.

Олимпиада чемпионы, кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық былғары қолғап шебері Данияр Елеусінов (11-0, 6 KO) үлкен спортқа қайта оралуға жақын. Қазіргі таңда АҚШ-та жаттығып жүрген отандасымыз шілде айында Америкада шаршы алаңға шығып, өзінің жаңа маусымын бастамақ.

Данияр биыл көктемде әлемдік деңгейдегі жаңа промоутерлік ұйым — TKO Boxing компаниясымен келісімшартқа отырған болатын. Бұл ұйымды UFC президенті Дана Уайт пен Сауд Арабиясының ойын-сауық индустриясы басқармасының басшысы Турки әл-аш-Шейх бірігіп құрған. Аталған промоутерлік компания қазірдің өзінде UFC стиліндегі өзіндік рейтинг пен белбеу жүйесін жасап жатыр.

Енді Елеусіновтың есімі үлкен жекпе-жектер аясында аталуда. Оның менеджері Зия Әлиевтің айтуынша, Даниярды 13 қыркүйекте өтетін Канело — Кроуфорд арасындағы жекпе-жектің андеркардында өнер көрсетуге үміткер ретінде қарастырып отыр.

Данияр шілде айында АҚШ-та өтетін дайындық жекпе-жегіне шығуы тиіс. Ал қыркүйекте ол Канело мен Кроуфордтың жекпе-жек кешінің андеркардында өнер көрсетуі мүмкін. Бұл оның TKO Boxing ұйымындағы алғашқы жекпе-жегі болмақ. Елеусіновтың аталған ұйыммен толыққанды келісімшарты бар. Оған тиесілі бонус жүйесі мен рейтингтік орны қарастырылған.

TKO Boxing дәстүрлі промоутерлік жүйеге негізделіп құрылуда. Қазірдің өзінде олардың құрамында 130-ға жуық боксшы бар. Арасында танымал есімдер де кездеседі, бірақ әзірге нақты ақпарат жарияланбаған. Ұйым өз белбеу жүйесін жасап, оны UFC стилінде кеңінен насихаттамақ.

"Бізде эксклюзивті келісім бар. Егер Ryadh Season ұйымдастырушылары Даниярды лигадан тыс қарсыласпен — мысалы, Джарон Эннис немесе Шахрам Гиясовпен жекпе-жекке шығарғысы келсе, біз оны өткізе аламыз", — дейді Әлиев.

Данияр Елеусінов соңғы рет 2024 жылдың қыркүйегінде жұдырықтасқан болатын. Ол кезде филиппиндік Джо Нойнаяны нокаутпен жеңіп, жарқын өнер көрсеткен еді. Алайда содан кейін түрлі себептермен рингке шыққан жоқ.

Енді шілдедегі жекпе-жек оның TKO Boxing ұйымындағы алғашқы қадамы болмақ. Бұл жекпе-жек сәтті өтсе, қыркүйектегі Канело – Кроуфорд кешінде, бүкіл әлем көз тіккен аренада Даниярдың өнер көрсетуіне жол ашылады.