Әр қызметкердің несиесі , асырауындағы баласы бар.
Семей қаласында жекеменшік клиниканың 80-нен астам қызметкері жұмыссыз қалудың алдында тұр. Себебі ақ халаттылар жалға алып отырған ғимарат мемлекет меншігінде, ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы нысанды босатуды талап еткен, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Клиника қызметкерлері келісімшарт мерзімін ұзартуды сұрап, жергілікті биліктен көмек күтуде. Айтуларынша, уақыт берілмесе, жаңа жұмыс табу қиынға соғады.
"Үш жыл бойы бұл ғимаратты босатуды талап етіп келеді. Соңғы рет 16 қыркүйекке дейін шығуымызды ескертті. Бірақ болашақта қайда баратынымызды ешкім хабарлаған жоқ. Сондықтан біз қазір қайда жұмыс істейтінімізді білмейміз", – деді клиника дәрігері Салтанат Әлімбаева.
Клиникада 80-нен астам адам жұмыс істейді. Олардың барлығы болашақтарына алаңдаулы. Дәрігерлердің айтуынша, нысанды босатқан жағдайда жаңа жұмысқа орналасу екіталай. Әр қызметкердің несиесі, асырауындағы баласы бар.
"22 желтоқсанда осы бөлімшенің ашылғанына 34 жыл толады. Бұрын бұл жер жеке гинекология орталығы болған. Жылдар бойы адамдарға көмек көрсетіп келдік. Ал қазір біз жұмыссыз, әлеуметтік қолдаусыз қалуымыз мүмкін. Әріптестеріміздің көпшілігінде несие бар, күтімді қажет ететін науқас туыстары бар, балалары бар. 84 адамнан тұратын ұжым үшін бұл – өте ауыр жағдай", – деді клиника дәрігері Евгения Винникова.
Клиника 1990-жылдары ашылған. Осы уақыт ішінде мыңдаған ота жасалып, жүздеген науқас емделіп шыққанын дәрігерлер алға тартады. Олар жергілікті биліктен келісімшартты ұзартуды өтінуде.
Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков жағдайға басқа қырынан қарайды.
"Жамиля" ЖШС-не бірнеше жыл бойы басқа ғимарат табу ұсынылды. Егер құжаттарын рәсімдесе, жұмысын жалғастыра берер еді. Өкінішке қарай, талаптар орындалмады. Егер мекеме қысқа мерзімде жаңа ғимарат таппаса, біз барлық дәрігерді, орта және кіші медициналық қызметкерді жұмыспен қамтимыз. Жауапкершілікті мойнымызға аламыз", – деді Абай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков.
Басқарма өкілдері ешбір қызметкер далада қалмайды деп сендірді. Сондықтан уайымдауға негіз жоқ екенін алға тартады.