Лиссабонға дейін " Қайрат " шамамен 7000 шақырым жолды еңсереді.
Алматылық "Қайрат" Лиссабонға жол тартты. Дәл осы қалада команда УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы маусымындағы негізгі кезеңнің алғашқы кездесуін өткізеді. Рафаэль Уразбахтин жаттықтыратын алматылықтар "Спортингке" қарсы алаңға шығады.
Ойын 18-нен 19 қыркүйекке қараған түні "Жозе Алваладе" стадионында өтеді. 50 мыңнан аса жанкүйер сыятын аренадағы матч Қазақстан уақытымен түнгі 00:00-де басталады. Бұл "Қайрат" тарихындағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ойын болмақ.
Қарсылас – Португалия футболының алыптарының бірі, 21 мәрте ел чемпионы атанған, 18 рет Кубок жеңіп алған, 8 мәрте Суперкубок иеленген және 4 мәрте Лига кубогында топ жарған "Спортинг".
Жалпы кезеңде "Қайрат" 8 ойын өткізеді – төртеуі өз алаңында, төртеуі сыртта. Плей-оффқа жалпы кестедегі алғашқы сегіз команда тікелей жолдама алады. Ал 9–24 орындардағы клубтар өзара қосымша кездесу өткізіп, келесі кезеңге берілер жолдаманы сарапқа салады. Осы матчтарда жеңілген ұжымдар, сондай-ақ 25–36 орынға тұрақтаған клубтар еурокубоктағы маусымын аяқтайды.