"Роскосмос" хабарлауынша, 19 қыркүйекте "Бион-М" №2 ғарыш аппараты тірі организмдермен бірге жерге қонады.

Түрлі сынақтан өткен тышқандар мен шыбындар ғарыштан жерге оралады, деп жазады inbusiness.kz сайты Интерфакс агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл аппарат 20 тамыз күні Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз-2.1б" зымыран-тасығышымен ұшырылған болатын.

Бір айлық орбиталық сапарға 75 тышқан, дрозофила шыбындары, жасуша мәдениеттері, өсімдіктер, дәнді және бұршақты дақылдардың үлгілері, сондай-ақ бұған дейін ғарышта болған тұқымдардан өсірілген өсімдік тұқымдары жіберіліп отыр.

Бұдан өзге ғарышқа саңырауқұлақтар, қыналар, микроағзалар, бактериялар және басқа да материалдар аттанған.

Ғалымдардың айтуынша, тышқандардың бір бөлігі құрамында сұйықтығы бар паста тәріздес жеммен қоректенеді, ал екінші топ кәдімгі құрғақ брикеттелген жем мен бөлек гель түріндегі суды тұтынады.

"Бұл технология әлемде алғаш рет қолданылып отыр", – деп мәлімдеді Ресей ғылым академиясының Медико-биологиялық мәселелер институты.