Ақмола облысының шаруалары биыл бұрын-соңды болмаған рекордтық көлемде астық жинауды жоспарлап отыр.
Президент бидайлы өңірге барып, егін жинау науқанымен танысты. Алдымен, аймақтың жағдайын бағамдап, кейін кең көлемді кеңес өткізді.
Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев өнімді сату бойынша Үкіметке тапсырма беріп, қамбаларды көбейту туралы міндет жүктеді. Мал шаруашылығын дамытуға да ден қою қажеттігін айтты. Биліктің бұл бағытта қандай жоспары бар?
Алтын түске боялған Ақмола даласы. Мына көріністен алқаптың бидайын, диқанның шырайын көруге болады. Қамба астыққа толсын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимеген шаруалардың биыл көңілі тоқ. Олар 7 млн тоннадан аса астық алуды жоспарлап отыр. Бұл — бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
Биыл өңірдегі егіс алқабы 5,5 млн гектарға жетті. Көкжиегіне көз жетпейтін далада қазір егін науқан қызған. Президентте атбасын бірден алтын алқапқа бұрды. Жергілікті дихандар осы күнге дейін 3 жарым миллион тонна астық бастырып үлгерген. Өнімділік те, өнім сапасы да жоғары дейді олар.
Нұрбек Бадырақов, Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Егін жинау жұмыстарына Үкімет тарапынан 84 мың тонна жанар жағармай бөлінді. Қосымша майлы және дәнді дақылдарды кептіруге 10 мың тонна қосымша дизель отыны бөлінді. Лизингтік несие арқылы 47 млрд теңгеге 1,5 мыңнан аса техника сатып алынды. Егін жинау жұмыстарына 7 мыңнан астам заманауи комбайндар қатысып жатыр.
Жауаптылардың есебін естіген соң, Президент шаруалармен кездесті. Әңгіме барысында ілкімді іс те, іркіліс те айтылды. Мемлекет басшысы саланың басты міндеттерін атады. Олар терең өңдеу өндірісін дамыту және оның экономикадағы үлесін арттыру. Әрине, диқандар алдына келген соң, қолдау шаралары да көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл қараша айында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтеді. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелерін қарастырамыз.
Ақмола астықты аймақ. Жері құнарлы, шөбі шүйгін. Тиісінше, өңірде шаруашылықтың барлық бағыты дамыған. Ал Президент әр сапарда терең өңдеуге ерекше назар аударады. Осы жолы да өңірде шығатын өнімдердің көрмесін аралап, кәсіпкерлермен тілдесті. Мұнда 20-дан астам кәсіпорын өкілдері келген. Жергілікті тауарларды Президент те тұтынады. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты.
Көрмеге жартылай фабрикат, консерві, ет, сүт және нан өнімдері қойылған. Сөреден Бурабайдың қымызы да табылды. Кәсіпорын 125 бас бие ұстайды, күніне 800 литр қымыз ашытады. Таза өнім сатып отырған кәсіпкер тауарын барлық өңірге жеткізуді жоспарлап отыр.
Мұрат Ғалиақпаров, «Тастемір» ӘКК кәсіпорнының директоры:
- Ауыл аманатымен жеңілдетілген несие алдық. Соған қымыз тасуға мәшине әкеліп жатырмыз. Сосын линия зарлива алдық. Енді жоспарымыз осы қымызды дамытып, барлық халық ішіп, таза өнім ғой.
Бидай экспорты артады
Елдің астығы әлемде сұранысқа ие. Еуропа елдері бидай сатып алуды бастап кетті. Вьетнамға жөнелтілген 15 мың тонна астық тағы бар. Ұзын-ырғасы 12 млн тонна бидай экспорттауға әлеуетіміз жетеді. Ебін тапсақ, қыруар табысқа кенелеміз. Президент сапары кезінде шаруалардың басын қосып, кеңес өткізді. Жиынға астықты өңірлердің әкімдері бейнебайланыс арқылы түгел қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу қажет. Астық жинау науқанын ойдағыдай жүзеге асырсақ, экспорттық әлеуетіміз де мықты болмақ, яғни шетелге мол өнім шығара аламыз. Былтыр елімізде ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болды. Биылғы 8 айда атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес.
Қазақ бидайы 45 елге сатылады. Сала министрі бұл елдердің қатары алда арта түсетінін айтты.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Былтыр рекордтық урожай алдық. Біздің жоспар 12 млн болатын. Бірақ сұраныс жақсы болды. 14 млн-ға жетіп қалды. Биыл да дайындалып отырмыз. Қосымша субсидия беріп логистикаға сол арқылы бидайды мемлекеттерге шығарып жатырмыз. Бұл жұмыс жалғасады. Экспорт алда көбейетін болады.
Жеңілдетілген несие желісі жалғасады
Биыл ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беру үшін 1 трлн теңге бөлінді. Ең бастысы қаржы уақытылы үлестірілген. Мемлекет басшысы диқандарға ризашылығын білдіре отырып, қаржыландыру бағдарламасын келесі жылы да ерте бастан қолға алуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкімет пен әкімдер егін жинау кезінде шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз етіп, қаржы мен қажетті техниканы уақтылы алуына жағдай жасауы қажет. Күн райына қарамастан, егінді мүмкіндігінше шығынсыз жинап алған жөн.
Астықты сақтауға сандық техология енгізіледі
Иә, өнім мол, бірақ оны сақтайтын қамба тапшы. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи элеваторларды салуға және оларды ұстап тұруға қомақты инвестиция қажет екенін айтты. Сол үшін арнайы бағдарлама іске қосуды тапсырды. Тұқым һәм тыңайтқыш мәселесі де назардан тыс қалмады. Оған қоса салаға цифрлық технологияны тездетіп енгізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияны тездетіп енгізу керек. Егін және мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін цифрлық тәсілдерді қолдану қажет. Бұл жұмысты ІТ-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн.
Бұл істі ақмолалық шаруалар бастап кеткен. Егін бітік шығу үшін егістікте заманауи технологияның көмегіне жүгінеміз дейді жергілікті диқандар.
Сейілбек Балташұлы, бас агроном:
- Шаруалардың бәрінде ЖПС навигация тұр және автотрек техникалары да тұр. Телефондарымызда қай техника не істеп жатыр, қаншама гектар алды бәрін көріп отырамыз. Карта бойынша көріп, бақылап отырамыз. Техника жүрген алаңдарды көреміз.
Президент Арқалыққа баратынын да айтты
Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев әр өңірге жеке тоқталып, шаруалардың мәселесін тыңдады. Өнімді сатуға байланысты Үкіметке арнайы тапсырма берді. Есеп үшін емес, нақты нәтижеге жұмыс істеу керегін айтты. Сондай-ақ биыл Қостанайға барып, бірнеше өлкені аралауға уәде берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Амандық болса, биыл Қостанай облысына міндетті түрде барамын. Жоспарымда бар. Жолдауымда Қостанай облысын арнайы атап өттім, Торғай жеріне баса назар аудару керек деп айттым. Арқалыққа биыл міндетті түрде барамын. Кезінде уәде бердім, оны орындайтын кез келді. Торғай өңіріне көңіл аудару керек.
Ал су мәселесін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері форумында қаралады. Бұл бастаманы Президент көтерді. Оған қоса жыл соңына дейін мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленетінін мәлімдеді. Бұл құжат ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Бекзат Аманов, Асхат Серікұлы, Дулат Ентебеков