Өзбекстанның Үстірт өңірінде алғаш рет аса терең ұңғымадан табиғи газдың ірі қоры анықталды.

Бұл қуанышты жаңалықты Президент Шавкат Мирзиёев Ташкент облысының ұстаздарымен кездесу барысында жария етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, бұған дейін Өзбекстанда геологиялық барлау жұмыстары негізінен 2500-3000 метр тереңдікте жүргізіліп келген. Ал жаңа ұңғыманың тереңдігі 6500 метрге жетіп отыр.

"Өзбекстан тарихында тұңғыш рет Үстірт өңірінде тереңдігі 6500 метр болатын ұңғыма бұрғыланды. Сол жерден табиғи газдың ең ірі қоры анықталды. Бұл қорды тиімді игеру үшін ғылым, білім және инновацияға сүйенуіміз қажет", – деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, табылған кен орны Өзбекстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, газ өндірісін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Соңғы 6 айда елде газ өндіру көлемі 3,1 пайызға төмендеген болатын. Бұдан бөлек, республика шетелден 571 миллион доллардың газы импортталған еді.

Үстірт өңірі бұған дейін де газ-газхимия әлеуетімен назар аударған аймақ саналған. Алайда мұндай тереңдікте бұрғылау алғаш рет жасалып отыр. Жаңа кен орнын игеру үшін ірі инвестициялар мен заманауи технологиялар қажет.

Сарапшылар бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп күтуде.

Өзбекстан билігі алдағы уақытта кен орнын игеру жөнінде нақты жоспарды жариялайтынын мәлімдеді.