Англияның ұлттық архиві жылына 15 млн фунт стерлинг табады.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров аудандағы архивтердің бәрінің цифрландыру деңгейі өте төмен екенін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстанда 171 аудан бар. Сол аудандағы архивтердің барлығының цифрландыру деңгейі өте төмен. 70-80 жылғы өтіп кеткен құжаттардың барлығы қазір сөрелерде, енді бір-екі жылдан кейін олардың барлығы жойылып кетуі ықтимал. Аудандардағы цифрландыруға сіздер қандай іс-шара жасап жатсыздар? Осы аудандық деңгейде архивте жұмыс істейтін азаматтардың "архив ісі" бойынша мамандығы жоқ. "Архив ісін" бітірген студенттердің бәрі қалада қалып қояды", – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Ерлан Саиров дүние жүзінде архивтер ақылы қызметтен ақша табатынын, алайда Қазақстанда бұл кенжелеп қалған сала екенін айтты.
"Мысалы, Англияның ұлттық архиві жылына 15 млн фунт стерлинг табады. Ал енді Қазақстанның ұлттық архивіне жақында сұрау жібердім, 4-5 млн теңгеден аспайды. Оның өзі тек қана ксерокопия. Енді бюджетке ғана телміріп отырмай, Қазақстанда архив ісін дамыту үшін ақылы қызметтің қандай формаларына көшіп жатсыздар?", – деді Мәжіліс депутаты.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов аудандық архивтердің барлығы жергілікті атқарушы органдардың ұйымдары болып есептелінеді.
"Тікелей республикалық бюджеттен ешқандай қаржы қарастырылмаған. Дегенмен де жергілікті атқарушы органдардан өздерінің материалдық-техникалық базаларын жаңарту мақсатында олар бюджеттік өтінім беріп, оны жаңарта алады. (...) Біраз архивтерімізге әртүрлі форматтардағы сканерлік құралдар сатып алынды, сонымен қатар басқа да комьютерлік технологиялар алынды. Е-архив жүйесіне барлық аудандық архивтер қосылды. Олар осы ақпараттық жүйесінде жұмыс істеп жатыр. Бізде бірнеше университет қана "архив ісі" мамандарын дайындайды. 20-25 грант бөлінсе, қалғандары ақылы оқиды. Егер бізде 25 пайыз норма енетін болса, онда ауылдың архиві мен қаланың архиві арасындағы айырмашылық сезілетін болады. Себебі қаладағы архив қалай қалады, ауылдағы архившілердің жалақысы 25 пайызға өсетін болады", – деп жауап берді вице-министр.
Айта кету керек, бұған дейін депутат ауылдық жерлерде архив қызметкерлері тапшы екенін айтқан болатын.