Еңбек етуге ниетті жанға жұмыс табылады. Павлодарда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өткен іс-шараға елуден астам кәсіпорынның өкілдері қатысты. Олардың басым көбі өнеркәсіп пен ауыл шарушылығы саласындағы іргелі кәсіпорындар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өңірде жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Жәрмеңке жұмыс іздеп жүргендерге таптырмас мүмкіндік. Мамандығына сай тиімді шарттармен жұмыс табуға болады. Бастысы, жұмыс берушімен тілкелей тілдесіп, түйіндемені қолына бересіз.
Жандос Медеу, қала тұрғыны:
- Осы жерде Павлодар мұнай-химия зауытына келдім. Өз резюмемді қалдырдым. Көптен көп рахмет. Кездесуге шақырды, осы мүмкіндікке қатты қуанышта болып тұрмын.
Жәрмеңкеде үш жүзден аса бос жұмыс орыны ұсынылды. Көбі нарықта сұранысқа ие мамандықтар. Өндіріске металлург керек, медицина саласына білікті дәрігер қажет.
Қазыбек Жомартов, облыстық еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары:
- Біз өндірісті қалада тұрамыз. Ірі кәсіпорындарда, темір ұстасы, металлургтер тапшы. Білім мен медицина қызметкерлеріне де сұраныс жоғары. Құрылыс саласына да білікті мамандар қажет.
Мемлекеттен қайтырымсыз грант алып, кәсіп ашқан жандардың өнімдері де көпшілікке таныстырылды. Қытайдан қоныс аударған қандасымыз Тұрсынгүл Нұрқасым етікшілікпен нәпақа тауып отыр.
Тұрсынгүл Нұрқасым, жеке кәсіпкер:
- Осы Ямышевта тұрамын. Осы жерге келіп, бұрын да Қытайда осы кәсіппен шұғылданғанмын. Осы Үкіметіміздің қолдауының арқасында грант алып отырмыз. Сол грантымызға өзіміз ары қарай осыларды тігетін және екі-үш машинамызды алдық осы жақында. Ендігі арманым – осыны үлкейтіп, қаладан ашу.
Жәрмеңкеде облыстық жұмыспен қамту орталығының мамандары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен қысқа мерзімді оқыту курстары туралы ақпарат айтып, жұмыс іздеп келгендерге кәсіби бағыт-бағдар берді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков