Қазақстан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғаларға 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеудің соңғы мерзімі – 2025 жылдың 1 қазаны екенін ескертті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Комитеттің мәліметінше, мүлік салығы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы айқындайтын салық салу объектілерінің құны мен меншік құқығы иеленген мерзімге байланысты есептеледі.
Салық сомасы көрсетілген хабарламалар шілде айында меншік иелеріне жолданған, ал банктердің мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарламалар арқылы жеткізілген.
Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың 2 қазанынан бастап мүлік салығын уақытылы төлемеген азаматтарға өсімпұл есептелетінін және берешек туралы хабарламалар жолданатынын мәлімдеді. Ал 14 қарашадан бастап, берешек сомасы 1 АЕК-тен асқан жағдайда азаматтарға салықтық бұйрықтар жолданып, 5 жұмыс күні ішінде төленбесе, іс жеке сот орындаушыларына жіберіледі.
"Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңға сәйкес, сот орындаушылары борышкерлердің банк шоттарына және мүлкіне тыйым салуға, мүлікті сатуға, тіпті Қазақстаннан шығуға шектеу қоюға құқылы. Егер берешек 40 АЕК-тен асып кетсе, азаматтың шетелге шығуына тыйым салынуы мүмкін.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 19 тамыздан бастап салықтық міндеттемелерді мәжбүрлеп орындатудың жеңілдетілген тәртібі күшіне енген. Егер берешек 20 АЕК-тен кем болса, ол автоматты түрде өндіріледі: банк шоттарына бұғат қойылады, мүлікке қатысты операциялар шектеледі. Бұл ретте жеке сот орындаушысының қызметін төлеу талап етілмейді.
Азаматтар өздерінің салық берешегі туралы мәліметті e-Salyq Azamat қосымшасы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексере алады.
Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарды жеке сот орындаушыларға іс түспей тұрып, мүлік салығын уақытында төлеуге шақырды.