Арман Жетпісов өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол жазасын аса қатаң режимдегі колонияда өтейді.
Айыпталушының әрекеті алаяқтық, зорлау, ұрлық, автокөлікті заңсыз айдап кету және әйелді аса қатыгездікпен өлтіру қылмыстары ретінде сараланды.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты NCOC мұнай компаниясының 46 жастағы менеджері Бибігүл Шпанованың өліміне қатысты істің үкімін жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Тергеу деректеріне сәйкес, 38 жастағы Атырау тұрғыны Арман Жетпісов бұған дейін сотталған, тұрақты жұмысы болмаған. Ол өзін жөндеу шебері ретінде көрсетіп, қаза тапқан әйел тұрған "Француз кварталы" тұрғын үй кешенінде ұсақ жұмыстар атқарған.
Әйел Жетпісовтен орындалмаған жөндеу жұмыстары үшін ақшасын қайтаруды талап еткен. Бұдан кейін ол әйелдің үйіне барып, бірнеше рет пышақ жарақатын салған, зорлаған, заттарын, телефонын, кілті мен көлігін ұрлап кеткен. Кейін көлік апатына түсіп, Маңғыстау облысында ұсталды. Оның жанынан Шпановаға тиесілі заттар табылды.
Қылмыс сипатына байланысты сот отырысы жабық өтті. Үкімді судья Зарема Хамидуллина жариялады.
Сот барысында Жетпісовтің кінәсі дәлелдер жиынтығымен расталды. Айыпталушы кісі өлтіргенін мойындады.
Марқұмның туыстары сот залында көз жасын тыя алмады. Судья үкімді жариялап, Жетпісовке өмір бойына түрме жазасы берілген сәтте олар қол шапалақтап, әділ үкім шыққанына қуанды.