Жасанды интеллект теріс діни көзқараспен жүрген адамды райынан қайтарды. Имам Нұрлан Байжігітұлы осылай дейді. Айтуынша, нейрожелілер арқылы наным-сенімге қатысты ақпарат қолжетімді бола бастады. Дегенмен сұрыптау мен реттеуді талап ететін тұстары бар.

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде Жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынған еді. Дін өкілдері бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың пікірінше, сол құрылым арқылы серпінді технологияларды жауапкершілікпен пайдаланудың қағидаттарын енгізуге болады.

Нұрлан Байжігітұлы, имам:

-Кейбір нәзік мәселелерді ЖИ ашып бере алмайды. Оған дін қызметкері болу керек. Ал жалпылама алатын болсақ, иә, бүгінгі заманның қажетті талабы. Мысалы, өзінің сенім-нанымын дұрыс санап жүрген азаматтардың өзі райынан қайтқанына куәмін. Мына жерде былай деп жазыпты ғой деп маған сілтемесін жібереді. Соған қарағанда сөзсіз пайдасы бар.

Қазақстан — Дінаралық диалог орталығы

Әлемдегі геосаяси шиеленіске қарамастан Қазақстан түрлі наным-сенім көшбасшыларын бір үстелге жинап, дінаралық диалог орталығына айналды. Дәстүрлі съезге қатысатын делегациялардың жылдан жылға артуы — сенім мен ортақ мақсатты меңзейді. Ең алғашқы босқосуға 13 елден небәрі 17 делегация қатысса, одан кейін 43 делегация келген. Ал биылғы отырысқа 60 елден 700-ден астам адам қатысып жатыр.

Джо Бэйли, Уэльс-англикан қауымдастығы бас хатшысының орынбасары, епископ:

-Қазақстан Еуразияның қақ ортасында, түрлі діндердің тоғысқан тұсында орналасқан. Сондықтан дінаралық татулықты сақтауда бұл елдің маңызы ерекше. Мұны Қазақстан билігі жақсы түсініп, әрдайым сыйластық пен достықты нығайтуға ниетті. Осындай қадамның арқасында қауіпсіз келешек қалыптастыра аламыз.