Родниковкада 400-ден астам отбасы бар. Халықтың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы.

Ақтөбе облысында жыл сайын мыңдаған гектар жайылым мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Алайда Родниковка ауылының тұрғындары бұл жердің игілігін көре алмай отыр. Себебі елдімекен маңындағы атшаптырым аумақ түгелдей жеке меншікте, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Тұрғындардың айтуынша, төрт түлікті өріске шығаруға мүмкіндік жоқ. Қой-ешкі немесе ірі қара егінге түссе, миллиондап айыппұл салынады.

"Сот 4 миллион 580 мың теңге төлесін деген кезде, шынымды айтсам, ұйқы қашты. Миыма сыйғыза алмадым. Бұзау егінге түсті дейді. Айғақ жоқ, тек суретке түсіріп алған", – деді ауыл тұрғыны Асқар Молдашев.

Родниковкада 400-ден астам отбасы бар. Халықтың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Бірақ ауыл адамдарының айтуынша, мал ұстау жылдан жылға тиімсіз болып барады.

"Жазда шөп те, жем де қымбат. Мал егінге түсіп кетсе, қатты айыппұл салады. Бір биемді алып қойды. Бие 600 мың теңге тұрады. 10 мың, 70 мың деп ауыздарына не келсе, соны айтады", – деді ауыл тұрғыны Нұрғабыл Қалиев.

"Жастар жағы мал ұстауды қойды. Біз сияқты үлкендер ғана әлі күнге мал бағып отырмыз. Жер бар дейді. Ол жерге біз малды ұшақпен апарамыз ба, әлде машинаға тиеп барамыз ба?" – деп қосты көп жылдық тұрғыны Көптілеу Құттыбаев.


Оқи отырыңыз: Жетісуда заңсыз жер пайдалану анықталды: компанияға 2,7 млн теңге айыппұл салынды


Тұрғындардың айтуынша, жайылымға жету үшін 10 шақырымдай жол жүріп, егіннің арасымен өтуге тура келеді. Сондықтан ауыл адамдары шаруалар өз жерлерін қоршап қоюы тиіс деп санайды.

Өз кезегінде "Родники Агро" ЖШС директоры Есет Құсайынұлы мәселені шешуге уәде берді.

"Мал шығып кетеді де, егінге түсіп жайылады. Сол үшін айыппұл салғанымыз рас. Бірақ біз "ештеңе істемейміз" деп отырған жоқпыз. Бұл мәселені учредительдермен бірге қараймыз. Қоршау мәселесін де көтереміз. Алдымен егінімізді жинап алайық", – деді ол.

Жергілікті билік өкілдері ауыл тұрғындарының жанайқайын назардан тыс қалдырмаймыз деп сендіргенімен, жұртшылық енді ауыл шаруашылығы министрлігіне арыздануды жоспарлап отыр.