Мегаполисте 34 жаңа туристік нысан ашылды .
Алматыда 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында туристерді орналастыру саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 50,1 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6%-ға артық, деп хабарлады қалалық туризм басқармасы.
Мекеменің дерегінше, мұндай өсім Алматыға ішкі және халықаралық туристер тарапынан қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Қаладағы нөмірлік қор өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға өсіп, 12 552 нөмірді құрады. Қазіргі таңда мегаполисте 377 орналастыру нысаны жұмыс істейді, олардың жалпы сыйымдылығы – 22 768 төсек-орын.
"Алматы туристік орталық ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Жаңа жобалар жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды жақсартып, қалада демалысты қолжетімді әрі жайлы етеді", – делінген хабарламада.
Биыл жеке инвестициялар есебінен 34 жаңа туристік нысан іске қосылды. Оның ішінде 11 қонақ үй, 1 глэмпинг, 1 капсулалық қонақ үй, 18 хостел және 3 демалыс базасы бар. Бұл Алматының халықаралық аренадағы тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар қала әкімдігі жанындағы жобалық кеңсе 6 794 нөмірге арналған 58 қонақ үй құрылысы жобасы мен 35 туристік нысанның құрылысын бақылауда ұстап отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда ескірген кабельдік желілерді жедел жаңғырту тапсырылды