Жану ошақтары инертті материалдармен толтырылып , үздіксіз су жеткізіліп жатыр.

Алматы облысында орналасқан қоқыс полигонында өрт төртінші күн қатарынан сөндіріліп жатыр. Бұл туралы облыстық ТЖД хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда полигон бетіндегі жұмыс алаңдары кеңейтіліп, инженерлік техниканы көбірек пайдалануға мүмкіндік жасалған.

Сонымен қатар ТЖМ бөлімшелері жану ошақтарын инертті материалдармен толтырып, топырақты тығыздау және инъекциялық сөндіру әдісін қолданып жатыр.

"Бұл тәсіл суды тұтанып жатқан қалдықтардың тереңдігіне тиімді енгізуге мүмкіндік береді. Ол жасырын өрт ошақтарын салқындатып, оқшаулайды. Мұндай тактика өртті жою жұмыстарының тиімділігін арттырады. Суды үздіксіз жеткізу үшін үш учаскеден су алу ұйымдастырылған. Өртті сөндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр", – деп мәлім етті ТЖД.


Оқи отырыңыз: Алатау полигонында ірі өрт тұтанды: Алматы облысында төтенше жағдай жариялануы мүмкін