Мемлекет басшысы бокстан Әлем чемпионатының жеңімпаздарымен кездесіп, оларға мемлекеттік наградалар табыстады.
Алдымен дүбірлі додадағы жетістікті тарихи оқиғаға балап, спортшыларға ризашылығын білдірді. Сосын Ұлттық құраманы даярлауға кәсіби мамандарды тартып, озық инновациялық шешімдерді белсенді енгізуді тапсырды. Ал боксшыларға жастарға дұрыс үлгі болу жауапкершілігін жүктеді. Өскелең ұрпақты отаншыл, еңбекқор, білімпаз әрі жанашыр болуға баулу керегін айтты. Сонымен қатар Лос-Анджелестегі Олимпиада да көк туымызды көтеретініне сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жеткен жетістікке масайрап, босаңсуға болмайды. Алдымызда тұрған үлкен белес – Лос-Анджелестегі жаһандық дода. Олимпиаданың жеңіс тұғырына шығу – әр спортшының арманы. Бүкіл Қазақстан халқы сіздерге сенеді, үміт артады. Ел сенімін ақтау үшін қазірден бастап дайындыққа кірісу керек.
Ресми рәсімнен кейін бір топ спортшы мен бапкер марапатталды. Қасым-Жомарт Тоқаев, 13 боксшы мен жаттықтырушыға Құрмет орденін табыстап, тағы үшеуіне «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты. Төрге шыққандардың арасында Президент алғысын алғандар да болды.