Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы ЕУРО-2026 финалдық кезеңіне жолдама үшін плей-оффтағы алғашқы ойынын өткізеді. Кездесу Италияның Фазано қаласында өтеді.

Бұл матч қазақстандық жанкүйерлер үшін айрықша маңызға ие. Команда сырт алаңда өнер көрсетсе де, жеңіске жетіп, келесі кезеңге жол ашуды көздеп отыр.

Италия – Қазақстан кездесуі ЕУРО-2026 іріктеу кезеңінің плей-офф аясында өтеді. Ойын 18 қыркүйек күні, Астана уақытымен сағат 23:00-де (Фазано уақытымен 20:00-де) басталады. Матч PalaSport спорт кешенінде ұйымдастырылып, QAZSPORT арнасы арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетейік, қарымта ойын 23 қыркүйекте Астанада өтеді.

Өтпелі кезең матчтарына негізгі іріктеу кезеңінің топтарында екінші орын алған сегіз команда қатысуда. Екі ойынның қорытындысы бойынша Еуро-2026 турниріне берілетін соңғы төрт жолдама сарапқа салынады.

Құрлықтық біріншіліктің финалдық кезеңі 20 қаңтар мен 7 ақпан аралығында Словения, Латвия және Литвада өтеді.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы 6-топта Армения, Дания және Албания құрамаларымен бірге ойнады. Рикардо Кака шәкірттері он ұпай жинап, екінші орынға ие болды және өтпелі кезеңге жолдама алды. Ал Еуро-2026-ға тікелей Армения құрамасы шықты.

Италия құрамасы 2-топта Беларусь, Финляндия және Мальтамен бірге өнер көрсетті. Бұл квартеттің жеңімпазы белорустар болса, италиялықтар екінші орынмен өтпелі матчтарға жолдама алды. Осылайша бүгін Қазақстан — Италия құрамалары арасында кездесу өтеді.