Еліміздің басым бөлігі оңтүстік циклонның ықпалында болып, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

"Қазгидромет" РМ 19 қыркүйекке арналған ауа райы болжамын жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Еліміздің солтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады, солтүстік-шығыс пен орталықта бұршақ жаууы мүмкін. Тек республиканың батысында, солтүстік-батысында және оңтүстігінде солтүстік-батыс антициклонының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республика бойынша жел күшейеді, түнде және таңертең солтүстік, шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық аймақтарда тұман күтіледі, – делінген ақпаратта.

Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында түнде -2°С аяз болады. Ал Алматыда ауа температурасы күндіз +18+20 °С, желдің жылдамдығы 3-8м/с.

Жетісу облысында, Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, Ақтөбе облысының солтүстігінде, Маңғыстау, Қостанай облыстарының оңтүстігінде жоғары өрт қаупі күтіледі.

Батыс өңірлерде – БҚО, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында көбіне жауын-шашынсыз болады. Түнде кейбір аймақтарда тұман түсуі ықтимал. Күндіз ауа температурасы 20-27° жылы болып сақталады.