Нотр-Дам қызыл жалынға оранды. Ал вирустық инфекция салдарынан толық локдаун енгізіледі. Бұл осы аптада тараған фейк жаңалықтардың бір бөлігі ғана. Иә, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушылардың қиялында шек жоқ. Олар тіпті тірі адамды өлдіге санаудан тайынбайды. Қазір жалған жаңалықтың құрығына түсіп қалу оп-оңай. Фейк ақпараттармен Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем күресуде.

Францияда әлеуметтік желілерде маска киген белгісіз адамдардың Париждегі Нотр-Дам шіркеуін өртемек болғаны туралы ақпарат пайда болды. Сонымен қатар, 2020 жылы Ниццада үш адамды өлтірген лаңкесті босатуды талап еткен бейнежазба желіде кеңінен тарап, тіпті кейбір саясаткерлер оны өз парақшаларында жариялаған. Алайда француз журналистері оның өткен жылдың басында пайда болған ескі әрі жалған ақпарат екенін анықтады.

Әлеуметтік желілерде Ұлыбританияның дамыған елдер арасында зорлық-зомбылық деңгейі ең жоғары деген дерек тараған. Себебі әр елде зорлық-зомбылық ұғымы әртүрлі түсіндіріледі. Мысалы, Англияда мұндай оқиғалар заң бойынша кеңірек қамтылады және көбіне тіркеліп отырады. Ал басқа елдерде кей жағдайлар мүлде хабарланбауы мүмкін. Сарапшылар: «Мұндай өзгешеліктер шынайы жағдайды бұрмалауы мүмкін», - дейді.

Ресейде де жақында шындыққа жанаспайтын ақпарат таралды. Онда ЖРВИ вирусын жұқтырғандар санының өсуіне байланысты карантин енгізіледі деп айтылған. Ол бір депутаттың науқастар санының көбейгені туралы мәлімдемесіне сүйенген. Алайда көп ұзамай бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны белгілі болды. Кейін ресми органдар мұндай шектеу шараларының қарастырылмағанын ресми түрде жариялады.

Жалған ақпарат спорт саласында да жиі кездеседі. Мысалы желіде француз футболшысы Эрик Абидальға қатысты хабар елді елең еткізгені бар. Онда спортшының өкпе трансплантациясы салдарынан қайтыс болғаны туралы жазылған болатын. Бірақ футюолшы бұл мәліметтерді жоққа шығарып, өз ресми парақшасында денсаулығының жақсы екенін хабарлады. Айта кету керек, Абидальге өкпе трансплантациясы 10 жыл бұрын жасалған.