Жайық өзеніндегі қалқымалы сорғы станциясы Көшім суармалы-суландыру жүйесіне су айдай бастады. Бұл жаңалықтың батысқазақстандық шаруалар үшін маңызы зор. Себебі өзен деңгейі түсіп кеткен жылдары жүйеге су шықпай , оңтүстік аудандардағы мал мен жан тіршілік нәрінен тарығатын. Енді осы олқылықтың орны толды.

Ердембек Жылқайдарұлы, тілші:

- Көшім суармалы-суландыру жүйесі облыстың 5 ауданын, нақтырақ айтқанда Тасқала, Бәйтерек, Ақжайық, Жаңақала, Казталов аудандарын тіршілік нәрімен қамтамасыз етуші басты су артериясы саналады. Жүйе бойындағы 4 ірі су қоймасы мен жүздеген шақырым каналдың қалыпты қызметін қамтамасыз ету үшін оған Жайықтан жылына 600 млн текше метр су түсіп тұруы тиіс. Алайда өзенде су аз болған жылдары ол көрсеткіш мүлдем құлдырап кетеді. Мәселен, 2019 жылы жүйеге бар болғаны 159 млн текше метр су түскен. Осындай жағдай болмау үшін өзенге қалқымалы сорғы стансасы қойылып, ол өз жұмысын бастады.

Екі жыл бұрын салынған сорғы станциясы содан бері іске қосылмады. Былтырғы су тасқыны кезінде оған қажеттілік те болмаған. Жайық тасығанда жүйеге 770 млн текше метрдей су өз арнасымен құйылды. Ал биыл дария деңгейі қайта түсіп кетті.

Асылбек Хайруллин, сорғы станциясының инженер маманы:

- Қазіргі таңда 4 насос жасап тұр. Қуаттылығы 400 киловаттан. Бір насостың секундына 1,66 метр куб жібереді. 4 насос 6 куб шамасында беріп жатыр. Тәулігіне 600 мың метр куб суды жіберіп жатыр. Қазіргі таңда 4 тәуліктей болды жұмыс жасағанына.

Сорғы станциясы суға еркін батып тұруы үшін арнайы снарядтар арна түбін лайдан тазартып жатыр. Биыл станция Жайық-Көшім жүйесіне 50 млн текше метр су айдамақ. Сегіз агрегаттың толық қуаттылығы тәулігіне 1 млн 200 мың текше метрге жетеді.

Рауан құсайынов, "ҚАЗСУШАР" РМК БҚО филиалының директоры:

- Негізі Жайық-Көшім жүйесіне су өздігінен кіреді. Круглоозерный ауылы жағынан. Қазіргі уақытта судың деңгейі түсуіне байланысты сорғы стансасымен механикалық әдіспен суды беріп жатырмыз. Мал суаттары, суармалы жерлеріміз бар, барлығы осы Жайық-Көшім жүйесіне жүктелген. Осы сумен Жайық-Көшім бойында орналасқан қожалықтар мен елді мекендерді кепілді түрде суландырамыз.

Судың да сұрауы бар. Стратегиялық маңызы бар су ресурстарын тиімді басқару жайына Мемлекет басшысының биылғы жолдауында баса мән берілді. Бұл тұрғыда өңірде жоспарланған іс жетерлік. Соның бірі — Жайық-Көшім жүйесі бойындағы Бітік, Дөңгелек, Пятимар су қоймалары мен 7 магистралдық каналды қайта жаңғырту. Қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сол кезде суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізілмек.

Рауан құсайынов, "ҚАЗСУШАР" РМК БҚО филиалының директоры:

- Киров су қоймасының қайта жаңғыртылуы ағымдағы жылдың аяғына дейін толық бітеді. Пайдалануға тапсырылады. Бұдан бөлек қазіргі уақытта Жайық-Көшім жүйесінің Жайықтан шығатын табиғи арна бар «проток» Шаған дейді, Көшім магистральды каналының механикалық тазалануы қазіргі уақытта ол жоба іске асырылып жатыр. Одан бөлек Жәнібек жүйесінің толық жаңғыртылуы басталып жатыр. Қазір сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар өңірде көптен күткен Жалпақтал су қоймасының да құрылысы таяу уақытта басталмақ.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов