Ел азаматтары ұсынған жаңа балама сөздер Терминология комиссиясының қарауына ұсынылады.

"Темірқазық" қоғамдық қоры мен "Қазақ тілі" қоғамы бірлесіп, жаңа құбылыстар мен заманауи ұғымдарға ұлттық сипаттағы балама табуды көздейтін "Жаңа сөз" жобасын бастады. Бұл туралы "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы жазды.

"Тіл – тірі организм. Ол үнемі өзгеріп отырады. Бұл тек қазақ тіліне ғана емес, жалпы барлық тілге қатысты құбылыс. Жаһандану заманында жаңа құбылыстарға қазақы балама табу – сөздік қорды байытудың жолы. "Жаңа сөз" бастамасы осыған үлес қосуды көздейді. Жоба идеясын қоғам қайраткері Әлихан Байменов ұсынып, бізге бағыт-бағдар көрсетіп отыр. Негізгі мақсат – қазақ тілінің лексикалық қорына ұлттық сипаттағы жаңа сөздер мен салалық терминдердің ұтымды баламасын енгізу", – деп жазды ол.

Жоба til.kz платформасында жүзеге асырылады. Қазақстандықтар "Жаңа сөз" парақшасына кіріп, алдымен өзге тілдегі сөздің қазақ тіліндегі баламасын іздеп көреді. Дайын нұсқа болмаса, өз ұсынысын жолдай алады. Ұғым сипаттамасын мәтін, фото, аудио немесе видео форматында жіберуге болады.

Айына бір рет жоба сайтына келіп түскен сөздер қаралып, ұтымды нұсқалар Терминология комиссиясына ұсынылады.


Оқи отырыңыз:

  • Қазақ тілін кедей етіп көрсететін кино – рухани жарылыстың көзі
  • Threads қалай шетелдіктердің қазақ тілі мен мәдениетіне қызығушылығын оятты