Мемлекет басшысы қаржы министрі Мәди Тәкиевті қабылдады , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президентке республикалық бюджеттің орындалуы және мемлекет қаржысын цифрландыруды ілгерілету жұмыстары жөнінде баяндалды.
Министрдің айтуынша, биыл республикалық бюджетке 21,6 триллион теңге көлемінде кіріс түскен. Оның 15,2 триллион теңгесі — салық түсімдері. Бұл былтырмен салыстырғанда 23,4 пайызға жоғары. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бюджет 101,6 пайыз орындалып, оның әлеуметтік бағыты сақталып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру шаралары, Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері туралы мәлімет берілді.
"Мемлекеттік сатып алу туралы" заңды іске асыруға баса назар аударылды. Жаңа құжат рәсімдердің мерзімін қысқартуды, олардың ашықтығын қамтамасыз етуді және отандық тауар өндірушілерді қолдауды көздейді. Қазір қазынашылықтың ақпараттық жүйесіндегі талдау және бақылау үдерістері толық автоматтандырылды", — деді министр.
Мемлекет қаржысын цифрландыру аясында Big Data қалыптастыруға және толықтыруға, сондай-ақ, салық пен кеден салаларына жасанды интеллектіні енгізуге ерекше мән беріледі.
Президентке мемлекеттік аудиттің нәтижелері таныстырылды. Биылғы 8 айда 791 тексеріс жүргізіліп, 337,5 миллиард теңге көлеміндегі қаржы заңсыз жұмсалғаны анықталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру мен барлық әлеуметтік міндеттемені орындау керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ, цифрландыруды одан әрі дамыту және заманауи бақылау тетіктерін енгізудің маңызын атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!