Елде 36 мыңнан астам адам лудомания дертіне шалдыққан . Құмар ойынның құрбаны болудан жастарды қорғау үшін түрлі іс-шаралар қолға алынып жатыр.
Мәселен, Семейде алғаш рет «Абай облысы – лудоманиясыз аймақ» атты форум ұйымдастырылды. Шараны Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Абай облысы әкімдігі бірлесіп өткізді. Мұндағы басты мақсат — жастарды құмар ойындарға тәуелділіктен қорғау және лудоманияның алдын алу. Жиынға Абай облысының әкімі, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
Форум барысында қатысушылар назарына арнайы көрме ұсынылып, білікті мамандар кеңес беру бұрышында лудоманияның зияны мен оның салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар форум аясында өткен «Абай облысы – лудоманиясыз аймақ» байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.
Ержан Бөлегенов, Абай облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы:
- Лудомания өмірлік және отбасылық құндылықтарға кері әсер ететін өзекті мәселе. Бүгінгі қоғамның дерті десек те болады. Құмар ойындарға байланысты құқықбұзушылық пен қылмыс жасалғаннан кейін күресу жеткіліксіз. Сондықтан біз осы форумды өткізіп отырмыз. Өйткені қазір алдын алу шараларына баса мән беру қажет.
Аталған форумда аға буын өкілдері жастармен ашық әңгіме құрып, құмар ойындардың адам өміріне тигізетін кері әсері туралы айтты. Олар жастарды жауапкершілікке, саналы таңдау жасауға үндеп, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Мұхит Тұрсынов, облыстық Мәслихат депутаты:
- Жастарға біз осылай форум өткізіп насихаттап, жеңіл ақша жақсылыққа апармайтынын көрсетіп, насихат арқылы лудоманяимен күресе аламыз деп ойлаймын.
Мұрат Алин, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Біз тек үлкендермен ғана емес, жастармен де үнемі кездесіп, жолығып, қандай отырыс болса да осы мәселені айтып келеміз. Абай облысы бұл жөнінде басқа өлкеден қалыспай, лудоманиясыз өлке болатынына сенемін.
«Бір рет бәс тігіп көрейін» деген жеңіл оймен басталған әуестік, қауіпті тәуелділікке айналуы мүмкін»,-дейді мамандар. Ал дертке шалдыққанды арылту оңай емес. Сондықтан лудоманияның алдын алу бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Форумның басты мақсаты да жастарды сақтандыру, оларды құмарлықтың құрсауынан қорғау болды.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков