Алматыда Almaty Arena кешенінде өткен фан-кездесу барысында Димаш Құдайберген өз жанкүйерлеріне сүйінші жаңалығын айтты.

Әнші халықаралық деңгейдегі жаңа музыкалық жобаның продюсері болатынын жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Қуанышты жаңалығым бар. Кезінде әлемдегі жанкүйерлерімнің қалыптасуына үлкен әсер еткен I’m Singer жобасын көрсеткен Қытайдың Hunan TV арнасымен бірігіп, менің алғашқы продюсерлік жобам жарыққа шықпақ. Бұл – I’m Singer форматына ұқсас, бірақ басқа бағыттағы, әлемдік деңгейде өтетін жаңа халықаралық әншілер байқауы. Мен бұл жобада продюсер ретінде ғана емес, қазылар алқасының мүшесі ретінде де қатысамын. Алдағы жұмыстың нәтижесін бірге көре жатармыз", – деді Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, әншінің фан-кездесуіне әлемнің 40-тан астам елінен жанкүйерлер келген. Бұл – Димаштың халықаралық аренадағы беделі мен өнеріне деген шынайы ықыластың дәлелі.

Сондай-ақ, 27 мамырдан бастап Астанада өткен "Stranger" шоуы елімізде алғаш рет кинотеатрларда көрсетіле бастайды.

Бұдан бөлек, осы айда Димаш белгілі ақын және қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің әніне түсірілген жаңа бейнебаянын көпшілік назарына ұсынды.