«Өңір әкімдіктері барлық конкурстық рәсімдерді екі апта мерзімде аяқтап, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуі керек». Үкімет басшысы Олжас Бектенов әкімдерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Басы артық бюрократияға жол беруге болмайды. Биыл іске қосу жоспарланып отырған жаңа жылу нысандары бойынша барлық жұмысты тамыз айынан кешіктірмей аяқтау қажет.
Әкімдерге жылу нысандарына апта сайын барып, жағдайды жеке бақылауға алуды және барлық туындаған тәуекелдер бойынша шұғыл әрекет етуді тапсырамын, — деп тапсырды Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Энергетика және Өнеркәсіп министрліктері, өңір әкімдіктері 10 маусымға дейін жылыту маусымына дайындық жоспарларын нақтылауы қажет.
Оқи отырыңыз:
- ChatGPT Қазақстанда салық төлейтін болды
- Қазақстан көмір өндіруді ұлғайтты
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде – 15 қазанға дейін толықтай әзір болуы тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұдан бөлек «KEGOC» компаниясына Энергетика министрлігімен бірлесіп, 15 маусымға дейін алдағы жылыту маусымында ұлттық маңызы бар стансаларға арналған жабдықтардың жұмыс режимдерін бекіту тапсырылды.
Жөндеу мерзімдерін ауыстыруға немесе жұмыс көлемін азайтуға жол берілмейді. Әрбір факт бойынша меншік иелеріне, сол сияқты басқарушы компанияларға қатысты шаралар қабылданады, - деп атап өтті премьер-министр.
Ал Энергетика министрлігі мен Көлік министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін жылу көздері мен тұйықтарда отын қорын алдын ала жинақтауды қамтамасыз етуі қажет.
Өңірлердің жылу беру маусымына әзірлік барысына тұрақты негізде бақылау жасау Үкімет аппаратына, бақылау үшін үйлестіру премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді.