Жарысты Мүфтияттың ресми арналары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында да тамашалауға болады.

15-16 қазанда Астанада Республика күніне және ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына орай ІІ халықаралық Құран жарысы өтеді, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.

Жарыс Республикалық бас мешітте 15 қазан күні сағат 10.00-де басталады. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Бахрейн, Иран, Ресей, Шешенстан, Марокко, Түркия, Сауд Арабиясы Корольдігі, Палестина, Әзірбайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Татарстан, Индонезия, Тәжікстан, Өзбекстан, Мысыр, Малайзия, Алжир, Пәкістан елдерінің қарилары қатысады. Олар Құранды толық жатқа оқудан бақ сынайды.

Халықаралық жарысқа Қазақстан, Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстаннан шақырылған әлемге танымал, тәжірибелі қарилар төрелік етеді.

"Екі күнге жалғасатын халықаралық Құран жарысын мүфтияттың төл арнасы "Munara TV», "Муфтият ҚМДБ» YouTube арнасы және ҚМДБ-ның ресми әлеуметтік желідегі парақшаларынан тікелей эфирде тамашалауға болады", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2023 жылы елімізде алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық Құран жарысында марокколық қари Ильяс Хажри үздік шығып, жеңімпаз атанған болатын.


Оқи отырыңыз:

  • Татарстан мүфтиі: Жасанды интеллект Құран мәтіндерін бұрмалап жіберуі мүмкін
  • ҚМДБ Құран сүресін рэп етіп оқыған блогерге қатысты мәлімдеме жасады