Алматыда терезеден құлап қайтыс болған марқұм Ақнәрдің қасында болған құрбысы Дидар оқиғаның барлық мән-жайын баяндап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл сұхбат Руслан Өтепбайдың жеке YouTube арнасында жарияланды. Дидар Қытай Халық Республикасының азаматы, қандас қазақ, жасы 25-те екенін айтты. Оның сөзінше, Ақнәр 23 жаста, Рана 21 жаста болған. Олар 2021 жылдан бері дос болған. Бірге жатақханада тұрған.
Дидардың айтуынша, оқиға болған күні Ақнәр оған «Рананың анасы қайтыс болды, қара шай берейік» деп хабарласқан. Сол күні шай берілген. Ал келесі күні Ақнәр қайта хабарласып, үйінде жаиналуды ұсыныпты. Қыздар келмес бұрын, Дидардың азаматтық некедегі күйеуі Данияр үйде болып, кейін кетіп қалған. Қыздар келген соң, Дидар сыраға тапсырыс берген, өйткені Ақнәр «сыра ішейік» деп өтініш жасаған.
Рана іше алмайтынын айтты, бірақ Ақнәр ішкісі келді. Мен өзім тек сыра ішетінімді айттым. Үшеуміз төрт бөтелке сыра іштік, Ақнәр 1-2 бөтелке ғана ішті. Экспертизада ‘ішпеді’ деп айтылса да, өз көзіммен көрдім, – дейді Дидар.
Кештің бір сәтінде Ақнәр өз-өзін ұстай алмай, теледидарды сындырып тастаған.
Кейін ол қатты жылады. "Басымда көп қарыз бар, саған төлей алмаймын" деді. Қойныма отырғызып жұбаттым. 10 минуттан кейін өзін-өзі ұрып, қатты жылады, айқайлады. Бізді де ұрды. Қорықтық. Біз оған тиіспедік, тек жұбатқымыз келді. Бірақ Ақнәр бізді жолатпай, шапалақпен ұрды. Кейін Рананың анасын балағаттап, намаз оқып, қайтадан боқауыз айтты, – деді ол.
Сұхбат барысында Дидар әлеуметтік желіде таралған видеоларды да көрсетті. Оның айтуынша, видеоларда Ақнәр кәлимасын айтып, өзін-өзі ұрып жатқаны көрінеді. Дидар бұл видеоларды өзінің телефонына түсіріп, Ақнәрдің әпкесіне жібергенін жеткізді.
Сол кезде терезеден құлап кетті. Далаға шыққанымда бірден тырнағын көрдім. Құлаған кезде бетімен түскен сияқты, содан сынған болар, – деп баяндады Дидар.
Ақнәрдің әпкесіне хабарласып, мекенжайын айтқанын, кейін сағат 02:43 шамасында жедел жәрдем шақырғанын айтты.
Бәрін видеоға түсіре алмадым. Қатты қорықтым. Бізді де ұрған кезде ажыратумен болдық. Мен полицияға сендім, заңға сендім. Егер үлкен резонанс болмаса, сұхбат бермес едім. Қазір маған "өлтіремін, үйіңді өртеймін" деген қорқытулар келіп жатыр, – деді Дидар.
Бұған дейін Ақнәрдің соңғы сәтте айтқан сөздері жазылған видео тарағаны туралы жазған едік.