Мұндай ақпаратты жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палманов мәлім етіп отыр.

Оның сөзінше, Алматы облыстық полиция департаменті оларға тергеудің аяқталғаны жөнінде ресми хабарлама жолдаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Алматы облысы, Талғар ауданындағы Қызылқайрат ауылында 2025 жылдың 6 қыркүйегінде жантүршігерлік қылмыс болған еді. Онда бейтаныс адам ер кісіні мылтықпен атып, кішкентай қызды алып қашқан-ды.

Қазіргі уақытта адвокат әріптесі Асылбек Әбдірайымовпен бірге іс материалдарымен танысып жатқанын мәлімдеді.

Істің негізгі күдіктісіне Қылмыстық кодекстің 11 бабы бойынша айып тағылып отыр.

Олар:

* 99-бап, 2-бөлік, 7-тармақ – адамдар тобы болып кісі өлтіру;

* 125-бап, 3-бөлік, 2-1-тармақ – кәмелетке толмағанды қатыстыру арқылы адам ұрлау;

* 120-бап, 1-бөлік – зорлау;

* 121-бап, 1-бөлік – сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері;

* 190-бап, 3-бөлік, 4-тармақ – адамдар тобы болып алаяқтық жасау;

* 147-бап, 5-бөлік – заңсыз бас бостандығынан айыру;

* 149-бап, 2-бөлік – тұрғын үйге заңсыз кіру;

* 115-бап – адам өлтіремін деп қорқыту;

* 287-бап, 3-бөлік және 288-бап, 1-бөлік – қаруды заңсыз жасау және сақтау;

* 200-бап, 1-бөлік – бөтен көлікті ұрлау мақсатсыз заңсыз пайдалану;

* 132-бап, 4-бөлік – кәмелетке толмағанды қылмыс жасауға тарту.

Іс бойынша барлығы үш күдікті бар, оның екеуі – кәмелетке толмағандар. Олар "адамдар тобы болып кісі өлтіру" және "кәмелетке толмағанды қатыстыру арқылы адам ұрлау" баптары бойынша жауапқа тартылуда.