Қазақстан алтын өндіру көлемі бойынша әлемде алтыншы, ал барланған қорлар бойынша он үшінші орында.
Бүгінде еліміздің жалпы ішкі өніміндегі тау-кен металлургия саласының үлесі 8 пайызға жетіп отыр. Өткен жылы бұл секторға 3 миллиард доллар инвестиция тартылған. Үкімет басшысы Олжас Бектенов қытайлық «Цзы-цзинь» компаниясының төрағасы Чэнь Цзиньхэмен кездесуінде осындай деректерді келтіріп, екі ел арасындағы тау-кен металлургия кешеніндегі серіктестікті тереңдету мәселесін талқылады. Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстан қосылған құны жоғары өндірістерді дамытуға басымдық беріп отыр және мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін үкімет тарапынан барлық қолдау көрсетіледі. Өз кезегінде Чэнь Цзиньхэ Қазақстанның инвестициялық климатын жоғары бағалап, ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін жеткізді.