Әнші 2025 жылғы қазанда Нью-Йорк қаласының Madison Square Garden стадионында жеке концертін өткізуді жоспарлап отыр.

Белгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Алматыда өткен фан-кездесуде тыңдармандарына қуанышты жаңалығын айтты. Өнерпаз қытайлық Hunan TV телеранасымен бірлесе жаңа вокалдық тележобаның продюсері болмақ.

Әнші, сондай-ақ, аталған жобада әділқазы алқалар мүшесі болатынын жеткізді.

"Менің әлемнің түкпір-түкпірінде атымның танылуына алғаш болып септігін тигізген I am singer үлкен жобасын көрсеткен Hunan TV арнасы көпшіліктің есінде болар... Сол Hunan TV арнасымен бірлесіп жасайтын алғашқы продюсерлік жұмысым жарыққа шыққалы жатыр. Ол да I am singer жобасына ұқсайды. Осы жобада продюсер ретіндегі аяқ алысым сіздердің алдыларыңызда өтпек және мен әділқазылар мүшесі боламын. Музыка саласында аты аңызға айналған әлемдік жұлдыздар мен жас әншілер өскелең ұрпаққа қолдау көрсету үшін жұмыстас болуға ниет етіп отырмыз. Қазақта "Арық айтып, семіз шық" деген сөз бар. Сол себепті әзірге осындай қысқа ақпарат қана беруді жөн көріп отырмын. Алдағыны барлығымыз бірге көретін боламыз", – деді Димаш Құдайберген.


Оқи отырыңыз: Димаш Құдайбергеннің концерті Қазақстан кинотеатрларында көрсетіледі


Сондай-ақ, әнші 2025 жылғы қазанда Нью-Йорк қаласының Madison Square Garden стадионында жеке концертін өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Madison Square Garden – әлемдегі ең атақты ареналардың бірі, ол 20 мыңға дейін көрерменді сыйғыза алады. Мұнда ірі спорттық іс-шаралар мен концерттер өтеді. Алты жыл бұрын Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Barclays Center-де концерт беріп, аншлаг жинаған болатын.

Ары қарай жұлдыз Джеки Чан туралы естелігін айтып берді. Ол әйгілі актёрмен кездесуін таңғажайыпқа балады.

"Сол кезде халқының саны екі миллиардтан асатын Қытай еліне келіп тұрмын. Қалай десек те мен таңғажайыпқа сенетін адаммын. Оның үстіне бала күнімнен осы күнге дейін Джеки Чанның жанкүйерімін. Бір жерде оны кездейсоқ жолықтырып қалуды армандап жүрдім. Әрине, бұл мүмкін емес еді. I am singer жобасында өнер көрсеткен соң, араға бірнеше күн салып өзі хабарласты. Бұл нағыз таңғажайып еді", – деп еске алды Димаш Құдайберген.


Оқи отырыңыз: Димаш Құдайберген DIAFA жүлдесіне ие болды. Бұл қандай сыйлық?


Еске салайық, Димаш Құдайберген Джеки Чанның фильмінің қытайша саундтрегін орындаған болатын.