Журналист Ербол Мәндібек шетелде қара жұмыс жасайтын отандастарымыз туралы айтты.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

«Шетелде шекең шылқымайды. Ол жаққа барып байып кеткен қазақ жоқтың қасы. Бірақ мен мына нәрсені түсінбеймін. Біздің адамдар шетелге барып қарға қуып, құлпынай теріп, ыдыс жуып жұмыс істеуге намыстанбайды.

Ал, өз елімізде қара жұмыс десе мұрын тыржитып менсінбейді. Еуропалық инфляциямен есептеп қарасаң ақшасының айырмашылығы көп емес.

Мысалы мен жұмыссыз қалғанда қарап жатпай такси болдым, тамақ тасушы болдым, тіпті жүк те түсірдім. Жап-жақсы табыс таптым. Орташа есеппен айына 400-450 мың табыс болды.

Егер жалған намысты жиып қойып, қолың кірлейтін жұмыс істесең, айлығы да жаман болмайды. «Қолы кірлейтін» дегенде – кеңседе шіреніп отырмай, далада жүресің деген сөз. Мысалы, қазіргі нарықта 500-600 мың айлық ұсынып, жұмысшы таппай отырған салалар жеткілікті. enbek.kz электронды еңбек биржасында айлығы 980 мыңға дейін жететін 36 мың бос жұмыс орны бар екен. Соның 4 мыңға жуық вакансиясының айлығы 350 мыңнан басталады екен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қалада ең сұранысқа ие жұмысшы мамандықтар;

-автобус жүргізушілері (400-600 мың тг), -қаптаушы-фасовщиктер (400-650 мың тг), -арнайы техника машинистері (400-700 мың тг), -трактор жүргізушісі (350-450 мың тг) және -дәнекерлеушілер (350 мыңнан жоғары)

Мұндай бос жұмыс орындары тек Астана, Алматы секілді ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де жеткілікті. Мысалы, Қостанай, Қарағанды, Маңғыстау және басқа аймақтардың әрқайсысында 3 мыңнан астам бос жұмыс орнына адам таппай отыр.

Негізі, жоғарыдағы аталған жұмыстарға төрт жыл оқып алатын дипломның да қажеті жоқ. Арнайы курс оқып, кірісе беруге болады. Тіпті, ол курсты мемлекет тегін оқытып береді. Тек жұмыссыз ретінде тіркелсең, ары қарай өздері қолыңа қармақ береді.

Ал шетел асып, қарға қуып тапқан ақшаң бәрібір сол елдегі тұрмысқа кетіп, жатын орның мен тамағыңды төлеген соң қолда қалатыны сол 300 мыңның айналасы. Одан да өз аймағыңда арнайы курс оқып, осындай техникалық мамандықты меңгеріп, 500-600 мың теңге көлемінде табыс тауып жүргенге не жетсін — бастысы, жақыныңның қасында, Отаныңдасың», — деп жазды журналист.