Алмалы аудандық сотында "Елге көмек" қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев пен "MM Travel" туристік компаниясының жетекшісі Ақтоты Дүйсееваға қатысты қылмыстық іс қаралуда.
Екеуіне де Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі, 4-тармағы – "аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық" бабы бойынша айып тағылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бүгінгі сот отырысында төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков жәбірленушілердің сотқа келмеген жағдайда берген айғақтарын және келтірілген материалдық шығын көлемін жария етті. Тергеу барысында барлығы 26 эпизод анықталып, олар бір іс ретінде біріктірілген.
Сот мәліметінше, жәбірленушілердің бірінің залалын айыпталушы Дүйсееваның туыстары толық өтеген, ал Сариев екі жәбірленушіге келтірілген шығынды ішінара қайтарған. Нәтижесінде жәбірленушілерге келтірілген жалпы залал көлемі 33,5 миллион теңгеден асқан.
Отырыста Сариевтің адвокаты соттан оның телефонын қарап шығуға және онда сақталған бейнежазбаларды көрсетуге рұқсат сұрады.
– Менің қорғауымдағы азаматтың телефонында жәбірленушілер мен олардың туыстарымен бірге түсірілген бейнежазбалар бар. Бұл материалдар Сариевтің қайырымдылық қорына қаражат жинау мақсатында өз парақшасында жариялау үшін түсірілген, – деді адвокат Кішкенебаева.