Алматыда " Береке Fest" жәрмеңкесі өтеді
18-19 қазан күндері Алматыда ауыл шаруашылығы өнімдерінің кеңейтілген жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шара отандық өндірушілерді қолдауға және бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған "Береке Fest" республикалық бастамасы аясында ұйымдастырылады.
Екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары балғын әрі сапалы өнімдерді тікелей өндірушілерден сатып ала алады. Жәрмеңкеге Алматы облысының 12 ауданы мен Қонаев қаласы қатысып, 50-ден астам өнім түрін ұсынады: ет, сүт, жемістер мен көкөністер, ұн, жарма, өсімдік және мал майы, шұжық өнімдері және басқа да тауарлар. Жалпы көлемі 350 тонна өнімнің ішінде 100 тонна ет, 100 тонна жеміс-көкөніс, 50 тонна сүт және 120 тонна басқа да азық-түлік бар. Жәрмеңке Қазыбек би көшесінде, Абылай хан даңғылынан Панфилов көшесіне дейінгі аралықта, сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін өтеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда заңсыз вейп өндіру және сату фактілері бойынша істер тергелді
"Береке Fest" жобасы — азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жергілікті өндірісті дамытуға және қазақстандық тауарларды насихаттауға бағытталған бастама. Ол ел өңірлерін біріктіріп, отандық өнімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды көздейді", – делінген хабарламада.