Үкімет кеше ғана халыққа ұнамды бірнеше мәлімдемелер жария етті.
Енді жанармай бағасы көтерілмейді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеліп, ипотекаға бөлінетін қаржы артады, оның үстіне шағын және орта бизнес те көптеген салықтық жеңілдіктерге ие болмақ.
Әйтсе де соның алдында ғана Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға көтергенін білеміз. Сарапшылар қауымдастығы арасында "экономиканың тежегіші" аталып кеткен бұл қадам инфляцияны бақылайтын құрал секілді. Дегенмен ол қымбатшылыққа ғана емес, экономикалық өсімге де тұсау болады. Өйткені қаржыгерлердің айтуынша, енді ақша қымбаттап, бизнес жобаларды тоқтатуға мәжбүр болады. Банктер де несиелердің пайызын көтереді. Алайда бағаны тежеуді көздеген Ұлттық банк пен Үкіметтің бұл шешімі шағын бизнес пен қарапайым тұтынушыға қалай әсер етеді?
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің прфессоры, экономист Мағбат Спановтың айтуынша, бұл қадам алдын ала күтілген.
– Жалпы алғанда Ұлттық банктің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін көтеруі күтілген нәрсе болатын, өйткені инфляция Үкімет пен Ұлттық банк белгілеген 6-8 пайыздық дәлізден шығып кетіп отыр. Сондықтан белгілі бір өсімді тежеу мақсатында мөлшерлемені 18 пайыздан жоғары деңгейге дейін көтеру туралы шешім қабылданды.
Бұл қалай әсер етеді дегенге келсек, белгілі жайт – ақша мен қарыз алу қымбаттаған сайын тауар да қымбаттайды, яғни тұтыну деңгейі төмендейді. Әрине, бұл жалпы сауда айналымына да, халықтың шығынына да теріс әсер етеді. Адамдар азық-түлік пен қызмет түрлеріне көбірек ақша жұмсай бастайды. Сондықтан банктер, мысалы, бизнесті немесе өндірісті қолдауға берілетін несиелерді айналым қаражаты үшін пайдаланады, бұл да өз кезегінде бағаның өсуіне әкеледі. Қалай болғанда да, осының бәрі бағаның көтерілуіне әсер етеді, – деді сарапшы.
Негізі Ұлттық банк жыл басынан бері базалық мөлшерлеме мәселесін алты рет талқыға салыпты. Бұл – ел экономикасының тұрақтылығына және инфляциямен күреске тікелей әсер ететін шешімдердің бірі. Алғашқы отырыста қаржы реттеушісі мөлшерлемені 15,25 пайыз деңгейінде қалдырған. Бірақ көктемде Ұлттық банк жаңартылған инфляциялық болжамдар мен экономикалық өсім қарқынын ескеріп, мөлшерлемені 16,5 пайызға дейін көтерді. Одан кейінгі отырыстарда мөлшерлеме 16,5 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалып келген.
Базалық мөлшерлеме банктердің бір-бірінен немесе реттеушіден қаражатты қандай пайызбен қарызға алатынын көрсетеді. Демек, бұл көрсеткіш халық пен бизнеске берілетін несие мен депозиттердің пайыздық мөлшерлемесіне де тікелей әсер етеді.
Ұлттық банктің есебінше, базалық мөлшерлеменің өзгерісі инфляция деңгейіне бірден емес, шамамен 12-18 айдан кейін айтарлықтай ықпал етеді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қысқа мерзімде оның әсері соншалықты сезіле қоймайды екен.
– Қажет болса, мөлшерлемені тағы да көтереміз. Егер инфляция біртіндеп бәсеңдемесе, ақша-несие саясатының қалыпты қатаң шарттарын сақтау үшін мөлшерлемені арттыруға мәжбүр боламыз. Бірақ бұл шешім қараша айында, болжамдық раундтан кейін қабылданады. Сол кезде барлық модельді қайта қарап, толық жаңартамыз. Демек, қарашада экономикадағы жағдай туралы толық көрініс қалыптасады деп ойлаймын, – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, сол уақытқа дейін геосаяси жағдай да айқынырақ болуы мүмкін. Сонымен, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерсе, ақша қымбаттайды, яғни несие мен қарыз алу құны өседі. Мұндай жағдайда кәсіпорындар мен азаматтар шығындарын азайтып, жинақтауға көбірек мән бергені абзал. Тұтыну төмендеген сайын баға өсімі де баяулайды, сөйтіп инфляцияның қарқыны тежеледі.
– Әрине, орталық банк мөлшерлемені өзгерткен кезде барлық бағыттар бойынша өзгерістің негізгі себептерін ескереді. Бұл депозит мөлшерлемесіне де, несие мөлшерлемелеріне де әсер етеді. Мұның бәрі халық үшін аса оң қадам деп айту қиын. Бірақ қалай болғанда да Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны өздері белгілеген дәліз шегінде ұстап тұруға тырысып отыр.
Алайда Үкіметтің қосымша шараларынсыз Ұлттық банк бұл мөлшерлемені тұрақты ұстай алмайды. Ұлттық банк пен Үкімет әрекеттерінің арасындағы үйлесімсіздікті ескерсек, қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің ары қарай өсетінін болжай аламыз, – дейді экономист Мағбат Спанов.
Әзірге кей сарапшылар нарыққа түрлі болжамдар жасап жатыр. Көбіне ипотека мен автонесие бойынша мөлшерлеме 24-25%, ал тұтынушылық несиелер 40% шамасына дейін көтерілуі мүмкін екені айтылуда.
Осы тұста Үкіметтің жалпы ішкі өнімнің өсімі туралы жағымды мәлімдемелеріне күмәнмен қарайтындар жеткілікті. Мысалы, инфляция жоғары болса, ұлттық валютамен есептегенде, экономика өсім көрсетуі заңды нәрсе. Бір жыл бұрынғыдай көлемде өнім өндірсең де, баға өскендіктен ақшалай есептегенде көрсеткіштер жоғарылай береді. Қалай алғанда да, қазір экономикалық өсім туралы айту қолайсыз.