Жаңа мән-жайлардың анықталуына байланысты тергеу қайта басталды .
Каталония полициясы Mango компаниясының негізін қалаған 71 жастағы Исак Андиктің өліміне байланысты тергеуді қайта бастады. Бұл туралы Cadena SER басылымы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеушілер миллиардер кісі қолынан қаза табуы мүмкін деген нұсқаны алға тартып отыр. Олар бұл оқиғада басты күдікті ретінде оның ұлы Джонатанды қарастыруда. Себебі Барселонадан 50 шақырым жердегі Монсеррат тауына марқұммен бірге оның ұлы да барған.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 14 желтоқсанында болған. Қайтар жолда Исак Андик 150 метр биіктіктен құлап, оқиға орнында көз жұмған. Джонатан Андик ештеңе көрмегенін, әкесінің құлап кеткенін ғана естігенін айтқан. Кейін Барселона соты істі жапқан.
Бұған дейін Джонатан Андиктің берген куәлігінде оқиға орнына қатысты сәйкессіздіктер анықталған. Енді жаңа мән-жайлардың анықталуына байланысты тергеу қайта басталды.
Отбасыға жақын куәгерлер қайғылы оқиға алдында әкесі мен ұлының жағдайы нашарлап кеткенін айтқан. Атап айтқанда, Mango компаниясының мерекелік кешінде Исак Андик компанияның тізгінін ұлына емес, бас директорға беретінін айтқан. Осыдан кейін Джонатан іс-шарадан ерте кетіп қалған.
Bloomberg агенттігі 2024 жылы Исак Андиктің байлығын 4,5 миллиард долларға бағалаған. Mango халықаралық испан брендін 1984 жылы ағайындылар Исак пен Нахман Андик Барселонада құрған.