Алға ауданы таза ауыз сумен 100 пайыз қамтылды. Құбыр желісі шалғайдағы Көктоғай мен Тікқайың ауылдарына да жетті.
Жалпы қазір Ақтөбе облысы халқының 99,2 пайызы сапалы су тұтынып отыр.
Алтынбек Сүлейменов ауладағы құдықтың суымен енді бақша суарамын дейді. Себебі кермек дәмі бар. Орталық ауыз су желісі тартылғанша Көктоғай ауылының халқы құдықтың ащы суын ішіп келді.
Алтынбек Сүлейменов, Көктоғай ауылының тұрғыны:
- Кейбір ауылда тіпті ауласында құдықтары жоқ. Көптен күткен жаңалық болды. Себебі су тасу, оны жеткізу өте қиын. Қуаттылығы күшті. Су жылытатын құбырларды қақ басып қалып, тазартуға мәжбүр болып жүрген. Қазір сапалы, жұмсақ, таза ауызсуына келіп жатқанына өте қуаныштымын.
Алға ауданының Көктоғай мен Тікқайың ауылдарында ауыз су құбыры 3 жыл бұрын жүргізіле бастады. Республикалық бюджеттен 900 млн теңге бөлінді. Алайда мердігер жұмысты уақытында аяқтамй, тұрғындарды сарылтып қойды.
Жасұлан Пірімжанов, Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:
- Мердігер мекеменің жосықсыздығына байланысты бірқатар мәселелер болды. Атқарылмаған жұмыстары үшін сотқа жүгінге болатынбыз. Соттың шешімі біздерге былай берілді: «Өздеріне міндеттелген жұмыстарды орындауға, мердігер өзіне міндеттелген шарт бойынша жұмыстарды толықтай орындап, нысан қабылдауға берілді».
Облыстағы көгілдір отын мен ауыз су жеткен ауылдарға халық тұрақтады. Тіпті көрші өңірлерден қоныс аударушылар қатары артты. Қазір аймақтағы 319 елді мекеннің 28-і ғана орталық ауыз су желісіне қосылмаған. Оның ішінде 18 ауыл таза бұлақ пен артезиан құдығының суын тұтынып отыр. Олар орталық құбыр желісінен бас тартты- дейді мамандар. Қалған 10 ауылда құбыр тарту жұмыстары қолға алынды.
Нұрлыхан Хасенов, Облыс әкімі аппаратының жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас инспекторы:
- Мемлекет басшысының халықтың ауызсуға қолжетімділігін 100 пайызға жеткізу тапсырмасын орындау аясында аталған жоба жүзеге асқан жағдайда 957 мың халық санына жетеді. Яғни пайыздың көрсеткіші 99,9 пайызға халық саны бойынша ауызсумен қамтамассыз етіледі.
Қалған 0,1 пайыз тұрғын халық саны 50 адамға жетпейтін шағын ауылдарда шоғырланған. Оларға билік ауызсу үшін кешенді блок модуль деген құрылғы орнатуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов