Zeekr компаниясы Қытай нарығына жаңартылған Zeekr 001 2026 үлгісін ресми түрде сатылымға шығарды. Жаңа модель төрт нұсқада қолжетімді: базалық нұсқада — 95 кВт·сағ батарея, қалған үшеуінде — 103 кВт·сағ қуат көзі орнатылған. Артқы жетекті және толық жетекті модификациялар ұсынылады.
Электромобиль 900-вольттық платформада жасалған және өте жылдам қуатталады: небәрі 7 минутта10%-дан 80%-ға дейін. Жүріс қоры 810 шақырымға дейін жетеді. Қос моторлы нұсқа 925 ат күшіне ие, 100 км/сағ жылдамдыққа 2,83 секундта жетеді және 280 км/сағ шекті жылдамдыққа ие.
Барлық Zeekr 001 үлгілерінде электромагниттік демпфер жүйесі CCD, Intelligent Magic Carpet функциясы және екі камералы пневмоаспа орнатылған. Автокөлік Qianli Haohan H7 автономды жүргізу жүйесімен, лидармен және Nvidia Drive Thor-U чипімен (700 TOPS өнімділік) жабдықталған.
Салонда 39,3 дюймдік AR-проекциялық экран,13,02 дюймдік сандық панель,16 дюймдік Mini LED медиаэкран (3,5K) және артқы жолаушыларға арналған 8 дюймдік 2K дисплей бар. Жаңа Zeekr 001 жұлдызды аспан эффектісі бар, кең панорамалық төбемен, 4680 Вт қуатты аудиожүйемен, жоғары жайлылықтағы орындықтармен және өз санатында теңдесі жоқ 3D-массаж функциясымен ерекшеленеді.
Бағасы Қытайда 269,8 мың юаньнан (шамамен 16,7 млн теңге) басталады.