Даулы пранктерімен танылған қазақстандық блогер Аружан Айбекова бұл жолы Өзбекстанда көзге түсті . Ол Ташкент метросында жігіттердің қолынан, аяғынан ұстап контент түсірген. Оның бұл әрекеті желіде қызу талқыға түсіп жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Блогердің кезекті әлеуметтік эксперименті Ташкент метросында түсірілген. Блогердің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған жаңа видеода ол бейтаныс жігіттердің қасына отырып, кенеттен олардың қолынан ұстап немесе аяғына қол тигізеді. Сол сәтте жігіттер блогердің ерсі әрекетінен ыңғайсызданып, қолын итеріп жібереді немесе басқа орынға ауысып кетеді.
Видео түсініктемесіз жарияланғандықтан, көрермендер эксперименттің нақты мақсатын түсінбей қалды.
Өзбекстандық желі қолданушылары видеоны сынға алып, ашу ызасын білдірді. Жергілікті басылымдар атап өткендей, Ташкентте қоғамдық көліктегі сексуалдық қол сұғушылық тақырыбы әзілге айналдырар жай мәселе емес.