Көкшетау қаласында қазақ халқының көрнекті ғалымы, ағартушысы, этнографы және фольклортанушысы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай "Шоқан Уәлиханов: зерттеуші, ағартушы, дәуір тұлғасы" атты халықаралық ғылыми форум өтті

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шара Алматы Менеджмент Университетінің (AlmaU) бастамасымен және Ualikhanov University, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы, сондай-ақ ҚР Ұлттық музейімен бірлесе ұйымдастырылды.

Форум ұлт руханияты мен ғылымның тоғысқан тағылымды алаңына айналды. Негізгі мақсат – Шоқан Уәлихановтың отандық және әлемдік ғылымға қосқан үлесін жаңаша пайымдау, оның ғылыми идеялары мен әдістерінің бүгінгі гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардағы өзектілігін талқылау, сондай-ақ жас зерттеушілерге шабыт беріп, ғылыми ізденістерге серпін беру болды.

Ашылу салтанатына ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, AlmaU ректоры Асылбек Қожахметов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, Ualikhanov University ректоры Марат Сырлыбаев, ҚР ҰҒА академигі Оразақ Исмағұлов және басқа да ғылым мен білім саласының өкілдері қатысты.

Форум аясында Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасына арналған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ белгілі зерттеуші Исмаилжан Иминовтың «Жеті қала өлкесінде» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шара барысында ғалымдар мен сарапшылар пікір алмасқан панельдік сессиялар мен пікірталас алаңдары жұмыс істеді.

Форум шеңберінде AlmaU мен Turan TV бірлесіп дайындаған «Шоқан Уәлихановтың ізімен» атты деректі фильм көрсетілді. Онда ғалымның экспедициялары мен зерттеу жұмыстарының тарихи маңызы жан-жақты баяндалды.

Жалпы, форум барысында Шоқан Уәлихановтың тұлғасы мен ғылыми мұрасы жаңа қырынан ашылып, отандық және шетелдік зерттеушілер арасында мазмұнды пікір алмасу өрбіді. Бұл жиын жас ғалымдарға тың идеялар мен ғылыми ынтымақтастыққа жол ашқан рухани және ғылыми жаңғыру алаңы болды.