Биыл көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Төрегелді Шармановтың туғанына 95 жыл толды.

Осыған орай Шарманов атындағы халықаралық қордың қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті. Медицина саласының үздіктеріне арнайы сыйлықтар табысталды.

19 қазан Төрегелді Шармановтың туған күні. Академик көзі тірі болса, 95 жасқа толар еді. Бұл жолы Шарманов атындағы қордың қамқоршылық кеңесі кезекті отырысты қайта жаңартылған Даңқ залында өткізді. Төрегелді Шарманұлы осы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Қор құру туралы академиктің өзі бастама көтерген. Оның мақсаты жас ғалымдар мен медицина мамандарын қолдауға, халық арасында дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған жобаларды іске асыруды көздейді.

Қуаныш Сұлтанов, Т. Шарманов атындағы қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы:

- Төрегелді Шарманов 90 жасқа толғаннан кейін өзі бастама көтеріп, бір топ зиялы қауым өкілдерін шақырып, қор құру туралы бастама жасады. Қорды жүргізу үшін Қамқоршылар кеңесін құрсам деп ұсыныс жасап, бір топ көрнекті тұлғаларымыз қордың жұмысын жүргізуді ортақ дауысқа салып, ортақ пікір алмасып маған тапсырды.

«Ас-адамның арқауы», — дейтін ұғымды берік ұстанған академик өмір бойы профилактикалық медицина мен дұрыс тамақтануды насихаттады. Екі жыл сайын медицина саласының үздіктеріне Төрегелді Шарманов атындағы сыйлық беріледі. Бұл жолы профессор Мақсұт Құлжанов лауреат атанды.

Мақсұт Құлжанов, профессор:

- 2028 жылы Алматы декларациясына 50 жыл толады. Сол 50 жылды өткізсек деген ұсыныс жасадым. Жақысылап өткізіп, бір жаһандық деңгейде құжат қабылданса, халқымызға медицина көмегінің қолжетімділігін асырып, қамтылмай жатқан алғашқы медициналық көмекті қолға алайық. Халықтың денсаулығы көп жағдайда медицина қызметкеріне байланысты емес.

Төрегелді Шарманов ғұмырын медицинаға арнады. Еңбек жолын дәрігер болып бастап, Денсаулық сақтау министріне дейін көтерілді. Қай қызметті болсын абыроймен атқарды. 1978 жылы әлемнің 140 елінен дәрігер мамандар шақыртып, Алатау баурайында алғашқы медициналық жәрдем жайында конференция ұйымдастырады. Нәтижесінде әлемдік денсаулық сақтаудың «Ұлы хартиясы» аталатын декларация қабылданды. Бұл құжат отандық медицинамен қатар, дамыған елдердің осы саладағы бағытын айқындап берді.

Юрий Пя, ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА академигі:

- Бүгінгі оқиғаның маңызы зор. Еңбек Ері Төрегелді Шарманұлы артына мол ғылыми мұра қалдырды. Өз ісін жалғастыратын шәкірттер тәрбиеледі. Оның есімі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Бұл Даңқ залында әлі талай денсаулық саласын дамытуға арналған жобалар қорғалып, іс-шаралар өтеді. Қамқоршылық кеңесі үлкен-кіші демей медицинаның ілгерілеуіне үлес қосқан жандарға қолдау көрсетеді.

Төрегелді Шарманұлы ТМД аймағында баламасы жоқ Балалар нутрициологиясы орталығын құрды. Оның басшылығымен 40 докторлық және 135 кандидаттық диссертация қорғалды. Академик Шарманов 500-ге жуық ғылыми мақаланың авторы.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов