Екі жүргізуші жарақат алып, медициналық тексеруге жеткізілді.

Семей қаласында бес автокөліктің қатысуымен жаппай жол апаты тіркелді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оқиға 2025 жылдың 20 қазанында шамамен сағат 16:29-да Қаржаубайұлы көшесінде болған. 60 жастағы жүргізуші басқарған Hyundai Tucson көлігі жылдамдық режимін сақтамай, алдында келе жатқан Nissan Skyline (жүргізушісі – 41 жастағы әйел) автокөлігімен соқтығысқан.

Соқтығысу салдарынан Toyota Camry, Hyundai Tucson, Volkswagen Golf және Kia Bongo көліктері қатысқан жаппай жол апаты орын алған.

Полицияның мәліметінше, Hyundai Tucson мен Nissan Skyline көліктерінің жүргізушілері медициналық тексеруге жеткізілді. Басқа жүргізушілер зардап шеккен жоқ, тек көліктеріне материалдық шығын келді.

Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиға бойынша тексеріс жүргізіп, апаттың нақты себебін және зардап шеккендердің жарақат дәрежесін анықтап жатыр.