Бүгін "Пафос" клубының бас бапкері Хуан Карлос Карседоның қатысумен баспасөз конференциясы мен футболшылардың ашық жаттығуы өтті.

Кипрдің "Пафос" клубының бас бапкері Хуан Карлос Карседо "Қайратқа" қарсы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі ойын алдында пікір білдірді.

Испаниялық маманның айтуынша, алматылықтар өз алаңында жеңіске жетуге және агрессивті футбол көрсетуге тырысады.

"Қайрат" бізге ұқсас команда. Соңғы жылдары олар айтарлықтай дамыды. Сондықтан бұл өте қызықты ойын болады деп ойлаймын. Ойын шамамен бір деңгейде өтеді. "Қайрат" үшін бұл жақсы мүмкіндік. Себебі олар өз алаңында ойнайды. Қиын кездесу болатынын түсінеміз.

Чемпиондар лигасындағы әрбір ойын – жоғары деңгейде өтеді. "Қайраттың" ойыны жаман емес. Бірақ біз өзіміздің ең үздік ойынымызды көрсетуіміз қажет. Онсыз жеңіске жете алмаймыз. Кипрде "Қайратқа" ұқсас команда ретінде "Арис" клубын айтуға болады. Олар да агрессивті ойнайды. Бірақ біз бұл кездесуде жақсырақ ойнауға, допқа көбірек иелік етуге және ойынды бақылауда ұстауға тырысамыз", – деді Карседо.

Сондай-ақ бапкер "Қайратты" өткен жылы кездескен "Астанамен" салыстырып, алматылық клубтың 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың шеберлігін жоғары бағалады.

"Өткен жылы біз "Астанамен" ойнадық. Ал биыл "Қайратпен". Меніңше, алматылықтар "Астанадан" мықтырақ. Бірақ ертең біз "Қайраттан" жақсырақ ойнауға тырысамыз.

Иә, Сәтпаев өте талантты жас ойыншы. Жоғары деңгей көрсетіп жүр. Келесі жылы ол "Челси" клубында ойнайды. Қазір жастар тез дамып келеді. Меніңше, сіздерде басқа да жақсы ойыншылар бар. Біз бір ғана футболшыға емес, бүкіл командаға назар аударамыз. Себебі "Қайраттың" ойын мәнері өте агрессивті", – деді испаниялық маман.

Айта кетейік, бұған дейін матч алдында "Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин де ойын алдында өз пікірін білдірген еді.