Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған жас суретшілер байқауы қорытындыланды.
Дәстүрлі додаға 70-тен аса елордалық қылқалам шебері қатысқан. Ішінен іріктеле келіп, 12 жұмыс үздік танылыпты. Сайыста қатысушылар табиғат ананың әсемдігі мен қоршаған ортаның маңызын бейнелеу өнері арқылы жеткізуге тырысқан. Олардың тақырыпты аша білуі, мазмұны мен орындау шеберлігі бағаланды. Балалар көркемсурет мектебінде ұйымдастырылған шараның жеңімпаздары келер апта жарияланбақ.
Жансая Нұртаева, Балалар көркемсурет мектебінің мұғалімі:
- Бұл — балалар арасындағы байқау. Балаларды табиғатты аялауға, экологиялық өзгерістерді түсінуге, алдын алуға балаларды тәрбиелейді. Сонымен қатар шығармашылық қабілеттерін дамытуға атсалысады. Суретті салу арқылы бала табиғатты түсінеді, миларына сіңіреді.