Қазір қызметкерлер тиісті агенттіктер және отбасыларымен байланыс орнатты.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Йемен астанасы Сана қаласындағы барлық қызметкері хуситтер кешеннен шығып кеткеннен кейін босатылғанын хабарлады, деп жазды inbusiness.kz сайты Anewz-ке сілтеме жасап.
БҰҰ-ның Йемендегі тобы 15 халықаралық қызметкер енді кешенде емін-еркін жүре алатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ 18 қазаннан бері хуситтер тұтқында ұстаған 5 ұлттық қызметкердің босатылғаны да расталды.
– "Ансар Аллах" қозғалысының өкілдері Санадағы БҰҰ ғимаратын тастап кетті, – делінген хабарламада.
Бұл хусит содырлары Санадағы БҰҰ ғимаратына басып кіргеннен екі күн өткен соң болды.
Йемен әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарыспен арпалысып жатыр. Үкімет пен хусит көтерілісшілер тобы арасындағы 10 жылға жуық қақтығыс 150 000-нан астам адамның өмірін қиып, миллиондаған адамды көмекке мұқтаж етті.
Айта кетейік, бір күн бұрын йемендік хуситтер БҰҰ-ның 20 қызметкерін тұтқынға алған болатын.