Әзірге ондай жоспар жоқ.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ЖИ-ді министр етіп бекіткен Албания үкіметінің тәжірибесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, ведомство Албанияның ғана емес, басқа да елдердің тәжірибесін зерттейді.

"Жасанды интеллект министрлігі әлемде ең алғашқылардың бірі болып біздің елімізде пайда болды. ЖИ-ді министр немесе вице-министр ету мәселесіне тоқталсақ, біздің заңнама әзірге ондайға рұқсат бермейді. Себебі заң бойынша мемлекеттік қызметші жеке тұлға болуы тиіс. Сондықтан ондай жоспарымыз жоқ", – деді Досжан Мұсалиев.

26 қыркүйек күні бұл сұраққа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев те пікір білдірген болатын.

"Әр мемлекеттің өздерінің жобалары бар. Меніңше, бұл Албанияда пилоттық жоба. Өйткені ол қазір мемлекеттік сатып алулар жағынан жоба енгізілді. Бірақ та, бізде Қазақстанда осындай жобалар болуы мүмкін. Бірақ енді мынау жасанды интеллект министр пайда болатынын қазір айта алмаймын. Алайда осы компанияларда, жеке компанияларда, мысалы, директорлар, директорлар кеңесінің алаңдарында осындай тәуелсіз директорлар – жасанды интеллект директорлары пайда болуы мүмкін. Мысалы, министрлердің, депутаттардың және басқа да мемлекеттік органның қызметшілерінің, көмекшілерінің жасанды интеллект көмекшілері пайда болуы мүмкін", – деді Жаслан Мәдиев Мәжіліс кулуарында.

Оның сөзінше, әрқашан жасанды интеллект өнімдерін тестілеу қажет.

Журналист "Министрлік деңгейінде осындай тәжірибе керек пе?" деп нақтылады.

"Министрлік деңгейінде қазіргі таңда осындай жоспар бізде жоқ", – деді Мәдиев.

Айта кету керек, бұған дейін Албанияда тарихта тұңғыш рет ЖИ министр қызметіне кіріскенін жазғанбыз.